Ресейдің күн тәртібіне «Батыс елдері Ресей мен Қазақстанның арасына от жағумен айналысып жатыр» деген тақырып шықты.
Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Шевцов: «Батыс елдері Ресей мен Қазақстанның бірлігін бұзуға белсенді түрде кірісті», - деді. Оның мұндай мәлімдеме жасауына «АҚШ пен оның одақтастарының әлеуметтік желіде тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласып, жала жабумен, манипуляция жасаумен айналысып жатқаны себеп болған»-мыс.
Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кейбір ірі мемлекеттер өздерінің күн тәртібін тықпалап, стандарттарын енгізуге тырысады», - деді.
«Әртүрлі қайшылықты идеялар мен тәсілдердің қақтығысы қазір геосаясат пен экономикада ғана емес, мәдениет пен рухани құндылықтар саласына, идеологияға да әсер етеді», - деді Тоқаев.
Ол халықаралық жағдайдың мәз емес екенін, сондықтан Қазақстан бұрынғыдан да біртұтас болуы тиіс екенін атап өтті.
Айта кетсек, елімізде ЕАЭО мен ҰҚШҰ құрамынан шығуға шақырған петиция әлсін-әлсін жарияланып тұрады.
Онда Қазақстан билігінен ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығу, сондай-ақ Ресей Федерациясымен барлық интеграциялық процестерді тоқтату талап етіледі. Егер әрі қарай Ресей Федерациясымен дипломатиялық және экономикалық қатынастарды жалғастыра берер болсақ, Ресей сияқты бір күні біз де әлемнен оқшауланамыз деген ойды жеткізеді.
Mezgil.kz