Пригожиннің бүлігі туралы әлем көшбасшылары не деді?

Ресейлік жеке әскери компания – «Вагнердің» қожайы Евгений Пригожин Ресей президенті Владимир Путинге, РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгуға қарсы шығып, Мәскеуге «әділдік маршын» жасауға «25 мың әскерімен» аттанған. Бірақ Ресей астанасына 200 шақырым қалғанда, алдынан Беларусь президенті Александр Лукашенко шығып, арағайындық жасап, Пригожинді райынан қайтарды. БАҚ бетінде «Вагнер» иесінің қазір Беларуське кеткені жазылып жатыр.


1687764102271525.jpg


Пригожиннің бүлігі туралы әлем көшбасшылары не деді?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп: «Бұл – Ресейдің ішкі ісі», - деп айтты.


«Конституциялық тәртіп пен заң үстемдігі – елдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың басты шарты. Бұл – қоғамның қауіпсіздігі мен оның табысты дамуының негізі», - деді Тоқаев.


Франция президенті Эммануэль Макрон: «Оқиғаны жіті бақылап отырдық. Францияның негізгі серіктестерімен сағат сайын байланыста болдық. Бұл жағдай Ресей армиясының және оның көмекші күштерінің әлсіздігін көрсетті. Ресей лагерінде болып жатқан алауыздық жария болды. Украинаға берген көмектің ақталғанын көріп отырмыз», - деді.


Литва президенті Гитанас Науседа: «Егер Пригожин не болмаса «Вагнер» тобының бір бөлігі белгісіз себептермен Беларуске жеткізілсе, онда біз Шығыс шекараларымыздың қауіпсіздігін одан әрі күшейтуіміз керек», - деді.


АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен: «Пригожиннің іс-әрекеті Путиннің билігіне тікелей қарсы шығу болды әрі қазіргі режимнің осал тұстарын көрсетіп берді. Көптеген терең сұрақтар тудырды, олардың жауабы жақын күндері берілетін болады», - деді.


Ұлыбритания Қаржы министрінің орынбасары Джон Глен: «Ресейде қазір жағдай тұрақсыз, бірақ ол елдің өз мәселесі. Әрине, біз одақтастарымызбен бірге бейбіт тұрғындардың мүддесін ескеруге шақырдық. Бұл біз араласатын мәселе емес, бірақ жағдайды жіті бақылап отырамыз. Британ үкіметі Украинаны қолдауын тоқтатпайды», - деді.


Украина президенті Владимир Зеленский: «Ресей өз билігінің ақымақтығы мен әлсіздігін ұзақ уақыт бойы үгіт-насихатпен жасырып келді. Енді хаостың үлкендігі сонша, ешқандай өтірік көмектесе алмай қалды. Жалғыз адам әлі күнге дейін қайта-қайта қайта 1917 жылмен қорқытып келеді. Басқа келтірер мысалы жоқ. Ресейдің әлсіздігі көрінді. Үлкен ауқымды әлсіздік. Ресей біздің жерімізде әскері мен жалдамалы адамдарын қаншалықты ұзақ ұстаса, соншалықты үлкен хаос, қасірет, проблемаларға шалдығады. Бұл анық. Украина Еуропаны Ресейдің зұлымдығынан қорғай алады», - деді.


Қытай Сыртқы істер министрлігі: «Бұл Ресейдің ішкі ісі. Достық ниеттегі көрші әрі жаңа дәуірдегі жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық бағыттағы серіктес ретінде Қытай Ресейді ұлттық тұрақтылық пен даму, гүлденуге жетуде қолдайды», - деді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар