Айтары таусылған Путин. Ақталған Пригожин...

«Мәскеуге барамыз» деп бүлік салған «Вагнер» жасағының қожайыны Евгений Пригожин тағы да мәлімдеме жасады. Бірақ бұл жолы ашуы тарқаған Пригожин өзінің іс-әрекетіне ақтала пікір білдіріпті. Ол өзінің жеке әскери компаниясын таратқысы келгенен осылай бүлік шығарғанын мәлімдеген аудиожазбасын әлеуметтік желіге жариялады.


1687851762164970.jpg


Сонымен Пригожин былай депті:


«Вагнер» ЖӘК - Ресейдегі ең тәжірибелі бөлімше, ол даурықпа, алып-қашпа сөздерге байланысты 1 шілдеде тарауы керек болатын. Командирлер кеңесі ақпаратты жауынгерлерге жеткізді, ешкім Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруға келіспеді.


Қорғаныс министрлігі қатарына өткен жауынгерлер саны аз, шамамен – 2%. Ешқандай агрессия көрсетпесек те, бізге зымыранмен соққы берілді. 30 адам қаза тапты. Кейбіреулері жарақат алды. Осы жайт шалт қимыл жасап, алға жылжуымызға түрткі болды.


Коллонаның бірі Ростовқа, екіншісі Мәскеуге қарай бағыт алды. Жолдағы сарбаздардың бір де біріне ешкім тиіспеді. Біз авиацияға соққы беруге мәжбүр болғанымызға өкініш білдіреміз, бірақ олар бізге бомба тастады. Жасақтың жылжудағы мақсаты Украинадағы қақтығыс кезінде қателік жіберген адамдарды жауапқа тарту болды. Мұны халық пен әскери қызметкерлер талап етті.


Біздің «Әділдік шеруіміз» бүкіл ел бойынша қауіпсіздіктің маңызды мәселелерінің бетін ашып берді. Мұны қоғам талап етті. Шеру кезінде кездескен барлық әскери қызметші бізді қолдады».


Пригожин Мәскеуге 200 шақырым қалғанда жасағын кері бұрған себебін «орыс сарбазының қаны төгілмесін дедік» деп түсіндіріпті.


Оның сөзінше, сол кезде Беларусь президенті байланысқа шығып, «Вагнершілерді» сабырға шақырып, келіссөз жүргізген.


«Біз 24 сағат ішінде 2022 жылы 24 ақпанда Ресей әскерінің Киевке дейінгі және сол нүктеден қалаға дейінгі қашықтыққа сәйкес келетін жолды жүріп өттік, сондықтан егер 2022 жылы 24 ақпандағы арнайы операция бойынша ұрыс-қимылдарды «Вагнер» ЖӘК қатарындағыдай оқытылған, моральдық дайындық деңгейі жоғары бөлімше орындаса, онда, мүмкін бұл бір күнге ғана созылар ма еді», - дейді «Вагнершілер» басшысы. 


Пригожин «бізде билікті басып алу деген ой болған жоқ» деп ағынан жарылды.


Ал, Ресей президенті  Владимир Путин «Пригожиннің әскери бүлігі қалай болғанда да басылатын еді», - дейді. Ол «Вагнершілерді» еліне, халқына опасыздық жасады деп айыптады. Путин 24 маусымдағы Ресей Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерінің «Вагнермен» қақтығысы кезінде ұшқыштардың қаза тапқанын растады, бірақ қайтыс болғандардың санын және басқа мәліметтерді нақтылаған жоқ.


Соған қарамастан Ресей президенті «Вагнер» жасағының еліне қылған қызметін ұмытуға болмайтынын атап өтті.


«Біз «Вагнер» тобының жауынгерлері мен командирлерінің басым көпшілігі өз халқы мен мемлекетіне берілген Ресей патриоттары екенін білдік және білеміз», – деді Путин.


Путин көтерілісшілердің жолына түскендердің барлығына алғыс айтып, Беларусь президенті Александр Лукашенкоға «Вагнер» ЖӘК-на қатысты жағдайды реттеуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.


Ресей президенті «Вагнер» жеке әскери компаниясының жауынгерлеріне Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруды және үйлеріне қайтуды немесе Беларуське баруды ұсынды.


Еске салайық, 24 маусымға қараған түні «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожин «әділет маршын» бастап, Мәскеуге аттанған, бірақ астанаға аз қалғанда Белорусь президентінің арағайындығымен әскерін кері қайтарған. Путин «Вагнер» басшысының әрекетін «арқадан пышақ сұғу» деді. Ресей Федерациясының Федералды қауіпсіздік қызметі қарулы көтеріліске қатысты қылмыстық іс қозғады.


Кейін Кремль Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылатынын, оның Беларуське кететінін хабарлады. Ал билік көтеріліске қатысқан «Вагнер» жасағын қудаламайтынын айтты.


Пригожин де, Путин де елге маңызды дейтіндей, тың дүние айтпады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар