Ресей Мемлекеттік Думасының экс-депутаты Илья Пономарев Ресейдегі Пригожин бүлігі мен онан соңғы жағдайлар туралы пікір білдіріпті.
Пономарев бүйдейді: «Мәскеуді бір тәулікте алуға болады. Ешкім қарсылық танытпайды. Ресей халқы Путинге қарсы тұратын күшті кім шықса да, құшақ ашып, гүлмен қарсы алады. Мұны Пригожиннің бүлігі дәлелдеді», - дейді.
Илья Пономарев қазір Украина азаматтығын алған. Бұрынғы Ресейлік оппозиция өкілі. «Азат Ресей» легионын жария түрде насихаттаушы. «РФКП», «Справедливая Россия», «Левый фронт» партияларының өкілі болған.
2014 жылы Қырымды Ресейге қосу туралы заңға Думада қарсы дауыс берген жалғыз адам. Сол үшін қудалауға түсіп, 2014 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. 2016 жылы Украина азаматтығын алып, содан бері Киевте тұрып жатыр.
«Вагнер» ЖӘК қожайыны Евгений Пригожиннің әскерін сайлап, Мәскеудің түбіне дейін жеткен бүлігінен кейін әлемдік БАҚ Путин режимінің дәрменсіздігі һәм Ресейді төкеріс елесінің кезіп жүргені туралы әңгімелер жиіледі.
Осыған дейін Солтүстік Қапқаз аймақтары мен Татарстан, Башқұртстан секілді Ресей субьектілерінің алыс-жақын болашақта дербестікке ұмтылатыны туралы түрлі болжамдар айтылды.
Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов: «Ресейдің ыдырауы Қапқаздан басталады. Әлем Ресейдің ыдырауына дайын болуы керек», - деп мәлімдеген еді.
Ал Украина Президентінің бұрынғы кеңесшісі Алексей Арестович: «Ресейде төңкеріс процессі басталды. Пригожиннің орнына ертең басқа адам шығады. Путин режимі дезинтеграция деңгейінде. 1905 жылы, 1917 жылы революция болды. Ерте ме, кеш пе, Ресейде сондай революция болады. Екі нәрсе анық. Күштік құрылымдар Путинді қолдай қоймайды. Халық та Путиннің жеке тағдырына салғырт. Ол әлсіреді. Дәрменсіздік танытуда. Ал төңкерісті әскери саладан адамдар жасауы мүмкін», - дейді.
Сіз қалай ойлайсыз?
Mezgil.kz