Әлемге төнген қауіп: Ресей АЭС-ті жармақ...

Украина-Ресей арасындағы соғыс өрши түсті. Украина ресми түрде 4 маусымнан бері қарсы шабуылдарға шықты. Донбасс және Запорожье бағытында тактикалық маңызға ие операцияларды жүргізуде. Ресей әскері осы ретте Запорож АЭС-сін жарып, қақтығысты тоқтатуға немесе ушықтыруға ниетті дейді бірқатар Батыстық БАҚ.


fdbdbdd8-3440-43ac-bf8c-d73656f7ad2f.jpg

 

Мәскеу бұл әрекетке баруы мүмкін бе? Алдымен Ресейдің Каховка ГЭС-ін жарып жіберуі, Мәскеудің қандай да бір қадамға барудан бас тартпайтынын анық көрсетеді. Ресей Украина әскерінің Херсон бағытындағы қарсы шабуылын тоқтату үшін Каховка ГЭС-ін жарды. Салдарынан ресми 52 адам көз жұмып, 81 елді-мекен су астында қалды. Су қоймасының жарылуы нағыз экоцид болды. Әлемдік қауымдастық Мәскеуді қатаң айыптады, ал Ресей «қойманы Киев жарды» деп отыр.

 

Ресей билігіндегі шенді-шекпенділер осы уақытқа дейін Украина жерінде тактикалық ядролық қару қолдану мүмкін екендігін бірнеше мәрте ашық айтты. Оны Путин де, Медведев те, Лавров та айтқан-ды. 2022 жылы Украина жеріне Ресей әскері басып кірген сәтте, Чернобыль АЭС-ін өз бақылауына алды. 2022 жылы 1-сәуірде Украина әскері Киев облысынан Ресей әскерін ығыстыра бастаған сәтте Ресей Чернобыль АЭС-ін тастап кетті.

 

Алайда Мәскеудің бақылауында тағы бір АЭС қалып отыр. Ол Запорож АЭС-і. 2022 жылы 1-наурызда Ресей әскері АЭС-ті алды. Алғаш рет адамзат тарихында атом электр станциясы маңында ұрыс қимылдары өтіп жатты. Украина АЭС-ті жарып алмау мақсатында ауыр артиллерия мен зымыран кешендерін қолданудан бас тартты. Ресей АЭС-тегі Украина азаматтарын кепілге алып, оларды еріксіз түрде келісімшартқа отыруға мәжбүрледі. МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси бірнеше мәрте АЭС-ке барды. Артынша ол Мәскеу мен Киевке барып, ел басшыларымен кездесті. Гросси «АЭС-те қай тараптың да әскері болмау керек, ал станция маңында ұрыс қимылдарын жүргізу әлемге апат әкеледі» деп мәлімдеді. Ол АЭС-тен Ресей әскері мен техникасын шығару керек деп санайды, ал станцияның өзін халықаралық қауымдастық бақылауға алсын дегенді айтқан болатын.

 

«Каховка ГЭС-інің жарылуы АЭС-тің жұмысына кедергі келтіреді» деген де болжамдар айтылды. Әзірге АЭС-тің блоктарын суытатын су мөлшері су қоймасының жарылуына қарамастан жеткілікті деңгейде тұр. Украина әскері Запорож бағытында қарсы шабуылды үдетті. «Ендігі таңда Ресей Украина әскерінің шабуылын тоқтату мақсатында АЭС-те жарылыс ұйымдастырып, кінәні Киевке аударуы ықтимал» дейді Ұлыбритания барлау қызметі. Күні кеше Зеленский Ресей әскері Запорож АЭС-інде жарылыс ұйымдастырып, арандату және радиациялық апат жасау ықтималдығының жоғары екенін айтты. 

 

Украина Ресей әскері АЭС-ті жарып жіберсе, қалай әрекет ету керектігі жайлы алгоритмді жасады. Арнайы бағдарламалар арналардан көрсетілуде. Батыс тарапы Украина әскеріне радиациядан қорғану костюмдерін бермек.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар