Қор болған Қазақстан азаматтығы. Желге кеткен қазақтың ақшасы...

Конькимен жүгіруден Ресей чемпионы Кристина Силаева деген адам жуырда Ресейлік «Матч ТВ» арнасына сұхбат беріп, Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан құрамасына өткенінің себебін түсіндіріпті.


1688644560371387.jpg


«Мен қазір Қазақстанда дайындалып жатырмын. Шешімді көктемде қабылдадым. Келесі Халықаралық жарыстарға қатысуға Ресейге қашан рұқсат берілетіні белгісіз. Бүйтіп жүре берсем, күнімді босқа өткіземін. Спортшының уақыты қысқа», - депті.


Ол Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алуға ниетті екенін, кейін Ресей азаматтығын қайта алатынын айтыпты.


volga.jpg



«Мен Ресей азаматтығынан бас тартуға тура келетінін білдім. Кішкене уайымдадым. Бірақ, мені байлап ұстап отырған ештеңе жоқ. Тәуекелге бел байлауға болады. Онан соң, Ресей азаматтығын қайта алу аса бір қиын шаруа емес!», - депті.


Әрі қарай: «Ата-анам бұл шешімге дұрыс қарады. Қазіргі саяси жағдай өте қиын. 2014 жылдан бері қысқы ойындарда Ресей туы көтерілмейді. Қазір «арнайы әскери операция» өтіп жатыр (Ресей Украинадағы соғысты солай атайды). Онан соң тағы бірдеңе шығады...», - дейді Силаева.


volga (1).jpg


Қазақстан құрамасында жаттығып жүрген, Қазақстан азаматтығынан дәмелі Ресейлік конькиші жалғыз Силаева емес. Силаевамен бірге конькимен жүгіруден әлем чемпионатының жүлдегері Елизавета Голубева да бар. Олардан бұрын Қазақстанға Сергей Клевченя дейтін Барнауылдың тумасы, Ресей Ұлттық құрамасының конькиден жаттықтырушысы да өткен.


Силаева деген сәусәлімнің осы бір азғантай әңгімесінің өзінен көп сөз шығаруға болады.


Әуелі, әлемнің өркениетті елдерінің һәм Халықаралық қауымдастықтың Ресей империализміне қатқан қарсы жауабы, санкциясы мен Халықаралық мәдени, спорттық іс-шаралардан оқшаулауынан кейін Ресей құрамасын тастап, бөтен мемлекетке қашуы – жоғарыда аталған спортшылардың кім екендіктерін әйдіктейді. Олар жеке бас пайдасын ойлап, өз мемлекеттерін тастап кеткен адамдар. Оларға Халықаралық спорттық додаларда Қазақстанның намысын қорғауды қалай сеніп тапсыруға болады? Бұны ойлаудың өзі абсурд!


Екіншіден, олардың Қазақстан азаматтығын алуға, Қазақстан құрамасына қосылуға деген сұранысы – Қазақстанды ынта-шынтасымен сүйіп тұрғандықтан емес, Ресейдің әлі ұзақ уақыт оқшауда болатындығы себебінен ғана туып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, оларды Қазақстарға жетелеп келген – қарақан бастарының қамы, құлқын мен қалтаның жайы.


Үшіншіден, Силаеваның: «Ресей азаматтығын қайтарып алу қиын шаруа емес», - деп сөйлеуі – ертең Ресей Халықаралық додаларға қатысу мүмкіндігін алған күні бүгін шекара аттап келген шүрегейлердің бір сәт те Қазақстанда тұрақтап қалмайтынының айқын дәлелі. Олар сол сәтте-ақ, Қазақстанның көк паспортын күресінге тастап кете барады. Қор болған Қазақстан азаматтығы дегенді сонда айтамыз.


Төртіншіден, бұл келген Силаевалар Ресейдің басқыншылық соғысын «арнайы әскери операция» деп танитынын ашық білдірді. Яғни, олар Кремльдің импершіл режимін қолдаушылар. Мұндай адамдарды Қазақстанға ашық кіргізу, кіргізіп қоймай, оларға азаматтық беру – түптеп келгенде Қазақстан Тәуелсіздігіне қауіп төндіреді.


Осыларды ескере келе, Асхат Оралов басқаратын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Медер Маселов басқаратын коньки спорты түрлері федерациясы аталған азаматтарды Қазақстан атынан Халықаралық жарыстарға қатыстыруға шектеу қоюы керек! қазақстанның құзырлы органдары аталған азамиаттарға Қазақстан азаматтығын бермеуі керек!


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар