Өзбектегі сайлау: Шавкат Мирзиеев тағы да жеңіске жетті

Кеше Өзбекстанда президент сайлауы өтіп, алдын ала нәтижелер бойынша Шавкат Мирзиеев тағы да жеңіске жетті.

1688975011111603.jpg

Өзбекстан Республикасы ОСК төрағасы Зайниддин Низамходжаевтың айтуынша, сайлау кодексіне сәйкес 50 пайыздан астам дауыс жинаған кандидат президент болып сайланады.

«Кәсіпкерлер мен іскер адамдар қозғалысы – либерал - демократиялық партиясы ұсынған кандидат Шавкат Мироманұлы Мирзиеев сайлаушылардың ең көп дауысын – 87,05 пайызды жинап, Өзбекстан Республикасының Президенті болып сайланғанын қуана хабарлаймыз», - деді З.Низамходжаев.

Мирзиеевпен тартысқа түскен Жоғарғы Сот Төрағасының бірінші орынбасары «Адолат» социал-демократиялық партиясы ұсынған Робахон Махмудова 4,43%, халықтық-демократиялық партияның жетекшісі Ұлықбек Иноятов 4,02%, экология партиясының басшысы Әбдішүкір Хамзаев 3,74% дауыс жинаған.

Бұған дейін Мирзиеев Өзбекстан контитуциясына өзгеріс енгізуге байланысты, елде референдум өткізген. Онда сенат депутаттарының санын 100-ден 65-ке дейін қысқарту,өлім жазасына тыйым салу сияқты бірқатар өзгерістермен қоса, Өзбекстан Президентінің өкілеттік мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту деген толықтыру болды. Референдум өзбек  басшысының ойындағыдай өтті.

Сарапшылар «Мирзиеев елді 26 жыл басқарған Ислам Кәрімовтың жолын қуып,тақта тағы 17 жыл отырмақ. Бұл референдумның басты мақсаты да сол – Мизиеевтің президенттік уақытын нөлге шығару. Президенттікті 5 жылдан, 7 жылға созған ол, басқару уақытын нөлге теңестіріп, үшінші рет сайлана алады. Осылайша жаңа Конституция Мирзиеевке 2040 жылға дейін билік басынан кетпеуіне мүмкіндік береді» деді.

Мирзиеев осылайша 83 жасына дейін тақтан түспеуге бекінген сыңайлы.

Өзбекстанның бұрынғы басшысы да дәл осылай істеген. Ислам Кәрімов Конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдум өткізді. Ол 2000 жылы көрген  ақтық сайлауында жеңіске жетіп, өлгенше президент болды.

Айта кетейік, Өзбекстанның Конституциясы 1992 жылы қабылданып, оған осы уақытқа дейін 15 рет өзгеріс енгізілген.

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар