Ресейлік тарап: Ердоған Путиннен айласын асырды

Ресей саясаткерлері Түркия билігіне наразы. Олар "Ердоған Путинмен жасаған келісімді бұзды" деп отыр. Бұл айыптауға себепкер болған Түркия басшысының Украинаға «Азов» полкінің қолбасшыларын қайтарып беруі еді.


756729137415298.jpg

 

8-шілдеде Украина президенті Зеленскийдің Стамбұлға жасаған арнайы сапарынан кейін, «Азов» полкінің командирлері Украинаға қайтатыны белгілі болды. Зеленский оларды президенттік бортта күтіп алды. 2022 жылы «Азов» полкі үш айға жуық қиян-кескі шайқастардан кейін Ресей әскеріне шарты белгісіз жабық келісімдер аясында тұтқынға берілді. Ресей тарапы «азовтықтарды трибуналға тартамыз» дегеніне қарамастан, 2022 жылдың күзінде Ресей-Түркия-Украина арасындағы келісімге сай «Азов» қолбасшылары Түркияға берілді. Келісім бойынша олар Түркия жерінде Украинадағы соғыс аяқталғанша болуы тиіс еді.

 

Дей-тұра Түркия тарапы бұл шартты орындамастан «Азов» қолбасшыларын Украина соғысының 500 күндігі қарсаңында Киевке қайтарды. Мәскеу «бұл келісімшартты бұзу» деп бағалады. Песков «Түркияға НАТО саммиті қарсаңында қысым болғанын түсінеміз, бұл біздің екі ел арасындағы әріптестікке кесірін тигізбейді деп санаймыз» деді.

 

Алайда Түркия тарапы Ресейді қапаландыратын бірнеше шешім қабылдады. Түркия НАТО-ға Швецияның қабылдануына келісімін берді. Түркия мен Швеция арасындағы келіссөз күні кеше Вильнюста өтті. Ол бойынша Түркия Швецияны ұйымға қабылдауға келісті, ал келісімді Түркия Парламенті жақын аралықта ратификациялайтын болды.

 

АҚШ Анкараның шешімін дұрыс деп бағалады. Сәйкесінше Вашингтон Түркияға F-16 ұшақтарын сатуға келісім бермек. Түркия Украинаны жеңілдетілген режимде НАТО-ға қабылдауды да құптады. Киевпен бірлесе отырып Анкара Украина жерінде соққы жасаушы дрондарды өндіретін зауыттың құрылысын да бастап кетті. Ресейлік саясаттанушылар «Түркия өз позициясын өзгертіп, антиресейлік бағытқа ауысты» дейді. Олар «Ердоған Путиннен айласын асырды» деп отыр.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар