Соңғы жылдары Ресейдің түрлі санаттағы саясатшылары Қазақстанға қарата территориялық тұтастыққа, тәуелсіздікке, мемлекеттілікке шек келтірген түрлі сарындағы мәлімдемелерді жиілетті. Бұндай дәлелсіз, дәйексіз, арандатушылық сипаттағы мәлімдемелердің бастауында Ресей президенті Владимир Путиннің өзі, оның: «Қазақстанда бұрын-соңды мемлекет болмаған. Қазақстанның мемлекетігінің негізін Назарбаев қалаған», - деген сөзі тұр!
Басшының өзі бұлай деген соң, өзгелерінде не тұрыс?! «Қазақстанның жері, солтүстігі – Ресейдің жері», «КСРО ыдырағанда Қазақстан орыс жеріне қарық болды», «Қазақстанда русофобия өршіп тұр», «Қазақстанның мемлекеттігі – Ресейге тәуелді» т.б. мазмұндағы сыңаржақ мәлімдемелер соңғы 2-3 жылдың шегінде қарша борап жатыр.
Сондай бір сұйық сөз, соғыс шақыратын арандатушылық пікірді Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Виктор Соболев деген айтыпты.
«Ресей іс жүзінде Қазақстанды азаматтық соғыстан құтқарып қалды (Қаңтар оқиғасы кезіндегі ҰҚШҰ әскерінің кіргізілгенін меңзейді – ред.). Бірақ, Қазақстанда қазір русофобия өршіп тұр. Русофобтық көзқарасты қолдауға Қазақстан билігіне Батыс елдері барынша қолдау білдіруде. Біз Қазақстандағы русофобиямен күресуіміз керек», - деп сөйлеген екен Соболев.
Думаның дүмшелеу депутаты бұл пікірді «Путин в телеграм» арнасында берген сұхбатында айтқан.
Виктор Соболев дегеннің жасы 73-те. Генерал-лейтенант деген әскері шені бар. Ресей Коммунистік партиясының мүшесі. Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығы үшін Еуроодақтық, АҚШ-тың, Ұлыбритания мен өзге де өркениетті елдердің санкциясына ілінген адам.
Жоғарыда Ресей тарапынан ақпараттық шабуылдың үдегенін айттық. Соның бірлі-жарым мысалы:
Жуырда Ресейлік «Правда» сайты: «Русофоб Қазақстанға көмектесу керек пе?» деген дәудей мақала жариялаған. Онда Ресейлік басылым Қазақстанды Гүржістанмен салыстырып: «Гүржістан Ресейдің ресми түрде серіктесі болмаса да, Ресей санкция салуды қолдаған жоқ. Ал Қазақстан Батыстың талабын орындап, Ресейге көмектеспейтінін мәлімдеген. Қазақстанда көмтеген саяси күштер мен лауазымды тұлғалар Ресеймен арақатынасты толық үзуді жақтайды. Орыс тіліне тыйым салуды қолдайды. Олар тіпті Украинаға ашық болысып, Киіз үйлер мен көмек жолдауда», - деп жазған.
Ал Ресей Қауіпсіздік кеңесі: «Батыс Қазақстан мен Ресейдің байланысын үзу үшін барын салуда», - деп мәлімдеген.
Mezgil.kz