Вильнюсте НАТО-ның кезекті саммиті өтуде. Бұл НАТО тарихындағы ең маңызды саммиттің бірі деуге толық негіз бар.
Себебі саммит Ресей мен Украина арасындағы қызу соғыс сәтінде жүріп жатыр. НАТО елдері Ресейдің Киевке шабуылын агрессия деп айыптап, Украинаға соғыс басталғалы бері әскери көмек беруде. Ал Украина НАТО-ға қосылуды қалайды. Саммит барысында Киевті НАТО-ға қабылдау мүмкіндігі қаншалықты екені айқындалмақ. Киевке НАТО елдері қандай әскери көмек пакетін беретіні де белгілі болады.
Украина президенті Зеленский Вильнюске кеше барды. Ол Вильнюс халқының алдында сөз сөйлеп, украин халқын қолдағандарына алғыс білдірді. Зеленский НАТО-ға Украинаны қабылдау мерзіміне қатысты нақты шешімнің жоқтығына наразылық танытты. АҚШ және НАТО-дағы өзге елдер «Украина соғысып жатқан сәтте оны ұйымға қабылдау Ресеймен НАТО-ның соғысына ұласатынын» айтты. Киев бұл уәжбен келіседі, алайда НАТО тарапынан Украинаны ұйымға қабылдауға қатысты нақты мерзімнің аталуын қалайды.
Украина қорғаныс министрі Алексей Резников пен Батыстың 11 елінің қорғаныс министрлері және басшылары украин ұшқыштарын F-16 ұшақтарында ұшуды үйретуге қатысты меморандумға қол қойды. Коалицияға Дания, Ұлыбритания, Бельгия, Нидерланды, Люксембург, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Швеция мен Канада кірді. Оқыту бағдарламасы Данияда басталмақ. Украина қорғаныс министрі Резниковтың сөзінше Украина ұшқыштары 4 ай ұшақты басқаруды үйренетін болады.
Вильнюс саммиті өтіп жатқан сәтте Украинаға Батыс елдері қару-жарақ көмегін де арттырды. Ұлыбритания 65 млн долларға әскери көмек көрсететінін мәлімдесе, Франция алыс қашықтықтағы нысанды жоюға қабілетті зымырандар бермек, ал Германия 700 млн еуро әскери көмек пакетін жариялап та үлгерді.
Бүгін Украинаға қауіпсіздік кепілдігі аясында қандай шара қолданылатыны жайлы келіссөз жүрмек. Оған НАТО хатшысы Столтенберг, Зеленский мен АҚШ басшысы Байден қатысады.
Mezgil.kz