Путин: Пригожинмен жолықтым. Енді «Вагнер» деген жоқ!

Ресей президенті Путин Кремльде «Вагнер» жалдамалы әскери компаниясының жасағымен және оның басшысы Евгений Пригожинмен кездескені осыған дейін айтылған еді. Олар «Вагнер» бүлігінен 5 күн өткеннен соң жолыққан.

1689326459349495.jpg

Путин кеше Пригожинмен бүліктен кейін жүзбе-жүз жолығуы туралы өзі пікір айтыпты.  Ол бұрынғы сөздерін қайталаған. Ешқандай жаңа мәлімет берген жоқ. Тек «Вагнер» жалдамалы әскери компаниясының заңсыз екенін мойындады.

«Мен «Вагнерліктермен» кездесуімде олардың майдан даласындағы іс-қимылдарына және 24 маусымдағы іс-әркеттеріне баға бердім. Олардың әрі қарайғы жауынгерлік қызметіне нұсқау бердім. Бары осы», - деді Путин.

Бұған дейін Песков дәл осылай деген болатын және кездесудің 3 сағатқа созылатынын, оған 35 адамның қатысатынын айтқан.

Журналистердің: ««Вагнер» ЖӘК әрі қарай жауынгерлік құрам ретінде сақтала ма?» деген сұрағына Путин: ««Вагнер» ЖӘК деген жоқ. Бізде жеке әскери ұйымдар туралы заң жоқ. Топтар бар, бірақ заңды түрде жоқ болып саналады. Бұл нақты заңдастырумен байланысты жеке мәселе. Бұл Мемлекеттік Думада, Үкіметте талқыланатын қиын мәселе», - деп жауап берді.

Ал Песков бұл сұраққа маусым айында: «Жеке әскери ұйымдардың құқықтық мәртебесін белгілеу үшін заңнаманы өзгеріс енгізу туралы Кремльдің нақты ұстанымы жоқ, әзірге тек талқыланып жатыр», - деген еді.

24 маусымдағы көтерілістен кейін Пут️ин вагнерліктерге Қорғаныс министрлігіне қызмет етуді, үйлеріне оралуды не болмаса Беларуске кетуді ұсынған. Сонымен қатар, «Вагнер» ЖӘК-ті толығымен мемлекет қаржыландырып, оған соғыс басталғалы 86 миллиард рубль бергенін айтты. ЖӘК Ресейден қару-жарақ, оның ішінде ауыр броньды машиналарды алған.

«Олардің бәрі бір жерге жиналып, қызметін жалғастыра берсе болатын еді. Олар үшін ештеңе өзгермес еді. Осы уақытқа дейін олардың шынайы командирі болған адам басқара берер еді. Мен мұны оларға ұсындым. Көбі басын изеді. Бірақ Пригожин келіспеді», - деді Путин.

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар