Әзербайжан Лашын дәлізін Қарабақтағы сепаратистердің жүріп-тұруына тыйым салып, жапқан болатын. 2022 жылдың соңында Әзербайжан тарапы сепаратистердің келісімді бұзып, Қарабақтағы қазба байлықтарды жүк көлігімен сыртқа шығарған, ал кері бағытта Ханкендідегі халыққа азық-түлікпен бірге қару-жарақ кіргізген жайттардың тіркелуіне байланысты Шуша жолын жапқан болатын. Сепаратистерге қару-жарақ кіргізді деген күдікке ресейлік бітімгерлік күштері іліккен еді.
Ханкендідегі сепаратистер соңғы уақытта қаладағы ахуалдың тым нашарлап кеткенін хабарлады. 11 шілде күні Әзербайжан қалаға кіруге рұқсаты бар «Қызыл крест» ұйымының көліктері контрабандамен айналысқанын анықтап, дәлелдеме видео ұсынған болатын. Контрабанда ретінде темекі, телефон, бензин сияқты тауар түрлері кіргізілген. Артынша бұл ұйым қызметкерлерінің де қалаға кіруіне тыйым салынды.
«Қызыл крест» ұйымы жүк көлік жүргізушілері контрабандамен айналысқанын мойындап, оларды жұмыстан шығарған. Артынша олар ұйымның қалаға гуманитарлық көмек тасуына Бакуден рұқсат сұрады. 15-маусымда сепаратистер Әзербайжан позициясын атқылаған еді. Сол сәттен бастап Баку жолды толық жауып тастаған болатын. Артынша олар тек гуманитарлық ұйымдарға қалаға кіруге рұқсат етті.
Қарабақтағы сепаратистердің әлеуметтік жағдайы мәз емес. 5-шілдеде Ханкендідегі сепаратистер арнайы шешім шығарды. Онда олар үйлену тойына 50 адамнан, ал жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық шақыруға тыйым салды. Бұл қаладағы азық-түлік тапшылығының артуымен байланысты дейді.
Гуманитарлық көмекті бөлуді де сепаратистер қатаңдатқан. Енді баласы бар отбасылар ғана қант пен пісте майын тегін алады. Оның көлемі де азайды. Аймаққа бензин кіргізу қатаң бақылауда. Электр энергиясын үнемдеу мақсатында күнделікті 6 сағатқа сөндіріп отырады.
Қарабақтағы сепаратистер Әзербайжанға заңды жерін қайтарып беруге келіспей отыр. 2020 жылғы 44 күндік соғыста жеңіліс тапқан олар соғыстың нәтижесін мойындамайтынын талай айтқан еді. 90-жылдары Әзербайжан жерінің 20 пайыздан астамын жаулап алған сепаратистер енді ол жерден кетуге қарсы және Бакуге де бағынуға ниетті емес. Баку мен Ереван жақын аралықта бейбіт келісімге қол қоюды ойластыруда, онда Армения Қарабақты Әзербайжанның бөлінбес бөлшегі санайтынын айтуда.
Mezgil.kz