Ресей боданындағы (құрамындағы) Шешенстанның ауыспайтын басшысы Рамзан Қадыров кезекті рет сайлауға түсетінін мәлімдеді. Оның сөздерін «Шешенстан бүгін» агенттігі кеше жариялады.
«Мені қызметтен алғалы жатыр, менің орнына алмастыратын адам қарастырылуда» деген сыбыс тарап жүр. Менің орныма ешкімді іздеп жатқан жоқ. Ондай жағдайдың орын алуына мен де жол бермеймін. Басшылық мерзімім аяқталған соң, Алла қалауымен тағы да сайтауға түсемін. Егер халық таңдаса, қызметімді әрі қарай да жалғастыра беремін», - депті Рамзан Қадыров.
Қадыров өз телеграм арнасында Үкімет үйіндегі жиналыстың есебін айта келе, Шешенстан жұртына: «Түрлі өсек-аяң, қауесеттерге сенбеңіздер. Ондай жел сөздер аймағымыздағы тұрақтылықты бұзуға, басшылықтың абыройын төмендетуге бағытталған», - депті.
Қадыров: Мен отставкаға кетемін. Кешіріңіздер, кетпейтін болдым...
«Кавказский узел» басылымының жазуынша, Рамзан Қадыров 2021 жылдың сәуірінде Ресейдегі аймақ басшыларының арасында ең ұзақ уақыт билікте болған адам деп танылған. Қадыровтың Шешенстан билігін тізгіндегеніне биыл 16-шы жыл толған. 2021 жылы Қадыров бесінші рет қатарынан Шешенстан басшысы атанған. Ол кезде Қадыров Шешенстан жұртшылығының 99,7 пайыз дауысын алған (РФ ОСК мәліметі). Оның Шешенстан басшылығындағы мерзімі 2026 жылы аяқталады.
2022 жылдың қыркүйегінде Қадыров Шешенстан басшылығынан кетуге құлықты екенін мәлімдеген. «Мен Ресейдің аймақ басшылары арасында ең ұзақ уақыт билікте болған адаммын. Енді ұзақ уақыттық демалысқа кетуге әзірмен және оған лайықпын деп оймаймын», - деген.
Ертесі күні Кремльдің баспасөзі: «Қадыровтың ұзақ уақыттық демалысы туралы бейне үндеуін көрдік. Бірақ, қандай да бір шешім қабылданған жоқ. Ресми арыз жазылған жоқ», - деген.
Өз сөзінен кейін араға тұп-тура үш күн салып Қадыров: «Ұзақ уақыттық демалысты келешектің еншісіне қалдыра тұру керек болды. Мен Ресей президентінен сұрамай жатып, өз қызметімді тастауға құқым жоқ», - деп мәлімдеген.
Ресей субьектілерін шексіз басқаруға рұқсат
2021 жылы Ресейдің мемлекеттік Думасы заң қабылдап, Ресей субьектілерінде жария билікті ұйымдастыруға рұқсат берген. Ол бойынша аймақ басшыларына, губернаторларға екі мерзімнен көп рет аймақты басқаруға мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, Ресей субьектілері басшыларынан «президент» деген атауды алып тастаған.
Шешенстан Конституциясы да аймақ басшысына неше мәрте сайлауға түсемін десе де ешқандай шектеу қоймайды. Яғни, Қадыров өле-өлгенше аймақ басшылығына сайлауға түсе алады деген сөз.
2021 жылы Қадвроы тағы былай деген: «Аймақ басшылығына сайлауға түсемін бе, жоқ па, әлі шешпедім. Халықтың пікірін білуім керек. Егер тіпті, Шешенстанның 2-3 пайызы ғана менің басшылығыма қарса болса, онда сайлауға түспеймін», - деген.
Қадыровқа жалыну...
Осыдан соң, «Бүкіләлемдік Шешен халықтары» сиезінің қатысушылары үндеу жасап, Қадыровқа жалынғандай болған. «Сайлауға түсіңіз, Шешенстанды қайта тізгіндеңіз», - деген. Ал Қадыров бұл үндеуді Ресей президенті Путинге жеткізгенін айтқан. Путин де Қадыровқа: «Келер сайлауға қатыс», - депті. Бұл да Қадыровтың өз сөзінен.
Рамзан Қадыров Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға жасап жатқан басқыншылығын белсенді қолдаушылардың бірі. Ол Ресей субьектілері басшыларының арасында Украина соғысына әскер жіберуден алдыңғы ретте тұр.
Десе де, осыған дейін Украинаның Бас барлаушысы Кирилл Буданов Қадыровқа қатысты: «Ресейде жағдай өзгере қалса, Кремль режимінің басына бұлт үйірілген сәтте-ақ, Қадыров алғашқылардың бірі болып, Мәскеуге қарсы шабатын болады. Қадыров өз жанын сақтап қалу үшін осылай жасайды», - деген.
Ал Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов: «Ресейдің ыдырауы – Қапқаздан басталады», - деп мәлімдеген.
Mezgil.kz