Тәртіп сақшылары Қырғызстанның Ыстық көл бойындағы Шолпан-Ата қаласының маңында балаларды әскери іске үйреткен ресейліктердің лагерін жапты. Бұл туралы ақпаратты Turmush сайты жазды.
Лагерьде 20 бала мен 5 ересек адам болған. Олар Ыстық көлге Сургуттан келгені белгілі болды. Ресейліктер өздерін «ХМАО-Югра теңіз әскери күштері одағының» мүшесіміз деп таныстырыпты. Бұл одақтың міндетіне жасөспірімдерді әскери іске баулу міндеті кіретінін айтқан. Олар «Қырғызстанның әскери-теңіз флотының ардагерлер одағының» және «Пантера» әскери-спорттық клубының шақыртуы бойынша келдік дейді.
Жергілікті билік лагерьді жабудың басты себебі «ресейліктер билік өкілдерімен келіспестен лагерь құрған және санитарлық нормаларды сақтамаған» деп отыр. Заң талаптарын бұзғаны үшін ересектерге қырғыз билігі 70-170 доллар арасында айыппұл салған, ал балаларды уақытша Шолпан-Ата қаласындағы "Зеленстрой" өндірістік кешенінің палаткаларына орналастырды.
Ресейліктер 2019 жылы да Ыстық көлге келіп, билік өкілдерінен еш рұқсат алмастан көл маңында лагерь құрып, 40 күн жатқанын айтқан. Қоғам белсенділері қалайша өзге ел азаматтары лагерь құрып, билік өкілдерін ескертпестен балаларды әскери іске үйретуді жүзеге асырғанын түсіне алар емес.
Ресейдің Украинаға соғыс ашқан кезеңінен бастап Ресей билігі балалар арасындағы әскери тәрбиеге ерекше көңіл бөлуде. Балаларға арнайы дәрістер оқып, ұрыс қимылдарына үйрететін лагерьлер де ашылуда. 2023 жылдың 1-қыркүйегінен бастап Ресейде қайтадан "Алғашқы әскери дайындық" пәнін жаппай оқытуды бастайды. Ал 2024 жылдан бастап Ресейде «Қауіпсіздік негіздері және Отанды қорғау» пәні енгізіледі.
Mezgil.kz