Ұзақ үнсіздіктен кейін «Вагнер» жалдамалы жеке әскери компаниясының басшысы Пригожин өз жақтастарының алдында сөз сөйледі. Оның Беларусь жеріндегі вагнерліктер алдында сөйлеген сөзін «Вагнер» жеке әскери компаниясына тиесілі дейтін бірқатар телеграм арналар жазды. «Разгрузка Вагнера» мен «Оркестр Вагнера» телеграм арналары Пригожиннің сөз сөйлеген видеосын жариялады.
Пригожин вагнерліктердің алдында 3 минуттан астам уақыт сөз сөйлеген. Ол «вагнерліктердің Ресей қауіпсіздігі мен қорғанысына қосқан үлесі өте көп» дейді. «Дәл қазір майдан даласында болып жатқан жағдайлар нағыз масқара, сорақылық. Біздің оған қатысуымыз керек емес. Біз өзімізді толық көрсетудің мүмкіндігін, сәтін күтетін боламыз. Сондықтан да біз осында, Беларусь жерінде біраз боламыз», - дейді ол.
Ол Беларусь жерінде «Вагнер» әскері беларусь сарбаздарын ұрыс қимылдарына үйретіп, «әлемнің екінші әскері» деңгейіне дейін көтеретінін айтты. Дей-тұра, бірінші әскерге кімді жатқызатынын айтқан жоқ. Осыған дейінгі сұхбатында ол әлемдегі ең қуатты әскери жасақ Вагнер, ал екінші әскер украин сарбаздары деген болатын. Пригожин қажет болса вагнерліктер Беларусь үшін қолға қару алатынын да жасырмады.
Ол Вагнер жеке әскери компаниясының алдағы жоспарын өз жақтастарына жайып салды. «Өзіміздің әскери қабілетімізді дамытып, машықтана береміз. Артынша жаңа бағыт, жаңа жоспарлар бар. Африкаға аттанамыз. Біздің тәжірибеміз бен әскери үлесіміз қажет сәтте арнайы операцияға (Украина соғысына) қайта оралуымыз мүмкін», - дейді Пригожин.
Қазіргі уақытта Беларусь жерінде қанша вагнерліктің бар екені белгісіз. 18 шілдеде «Беларускi Гаюн» мониторингтік тобы Беларусьқа 2000-2500 вагнерлік келіп жеткенін жазды. Мониторингтік топтың ақпаратынша Беларусьқа осы уақытқа дейін вагнерліктердің 5 әскери колоннасы кірген.
Mezgil.kz