Украина барлауы: Ресейде тағы да төңкеріс болады...

Украинаның саяси басшылығы келеші-бері Ресейге қатысты бір сыпыра мәлімдеме жасады. Солардың маңыздыларына аз кем тоқталғанды жөн санадық.

1690008644365541.jpg

Алдымен Украина президенті Владимир Зеленский Қырымға, Қырым көпіріне қатысты сөйледі.

«Қырым көпірі – қазір жаудың әскери нысаны қызметін атқарып тұр. Бұл көпір халықаралық заңдардың шеңберінен тыс салынды. Сондықтан да Қырым көпірі біздің әскери нысанамыз. Бейбітшілікке емес, соғысқа қызмет етіп тұрған әрбір нысанның көзі жойылуы керек», - деді Зеленский.

Осыған дейін CNN-ге берген сұхбатында президент Зеленский Қырым мен Қырым көпіріне қатысты былай деген:

«Украинаны Қырымсыз елестету мүмкін емес. Қырым жау оккупациясында тұрған кезде соғыс та аяқталмайды! Қырымсыз жеңіс болмайды!».

Ал ABC News-ке берген сұхбатында: «Украина әскері оккупацияланған Қырымның әкімшілік шекарасына табан тіреген күні-ақ, Путин өркениетті әлеммен диалог іздеп, келіссөзге жалынатын болады», - деген.

Қырым көпіріне қатысты Украина Президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк: «Заң жүзінде, құжат жүзінде ондай нысан жоқ. Сондықтан оны (Қырым көпірін) соққылауға бола ма, жоқ па деген талқының өзі мәнсіз. Қырым көпірі заңсыз салынды. Демек, оның көзі жойылады», - деп сөйлеген.

Подоляк демекші, Украина президентінің кеңесшісі жуырда: «Ресейді төңкеріс елесі кезіп жүр», - деп қалды.

«Пригожиннің бүлігінен кейін де Ресейде төңкеріс болады. Бірақ ол қандай да бір әскери топ билікті басып алады деген сөз емес. келесі төңкеріс хаотизация түрінде жүзеге асады. Әуелі, кішігірім топтар шығып, өздеріне керектіні алады. Ресейде 1991 жылғы оқиғалар қайталанады. Кеңес одағының ыдырауының екінші кезеңі осылайша нүктеленеді.  Ал жаңағы кішігірім топтар өзара қақтығысып, өткінші үкімет жасақтауға әрекеттенеді», - дейді Подоляк.

Ресейде Пригожин бүлігінен кейін де төңкеріс жасау әрекеті болатыны жайлы осыған дейін Украина Сыртқы барлауының өкілі Андрей Юсов мәлімдеген еді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар