Беларусь президенті Лукашенко: «Вагнерліктер Польшаға баруға сұранып отыр», - деп мәлімдеді Ресей басшысы Путинмен жексенбідегі Санкт-Петербургтегі кездесуінде.
«Айтпай-ақ, қойғым келіп еді, бірақ айтуға тура келіп тұр. Вагнерліктер: «Бізді Батысқа жіберіңіз, Батысқа барғымыз келеді», - деп мазамызды ала бастады. «Батыста не істейсіздер?», десем, «Варшава, Жешувке қыдырып келеміз», - дейді», - деп сөйледі Лукашенко.
Ол: «Осы мәселені Ресей өз ішінде қарастырып көрсін», - деген.
Польшаның Жешув қаласында Батыс елдері Украинаға әскери техника мен қару-жарақ жеткізетін аэродром орналасқан.
«Өзіміз келіскендей мен оларды Беларусьтің орталығында ұстап отырмын, олардың тағы да орнын ауыстырғым келмейді. Себебі, олардың көңіл-күйі жақсы емес», - дейді Лукашенко.
Путин осы кездесуде Ресей мен Беларусь арасындағы ынтымақтастық бұрынғыдан да жоғары деңгейге жеткенін айтқан.
Лукашенко: «Польша күштерін Беларусьтің батыс шекарасына орналастырып жатыр», - деп мәлімдеді. «Біз Батыс Украинаны Польшаның басып алуына жол бермейміз. Беларусь пен Ресей «Батыс Украина халқына көмектесуге» дайын болуы керек», - депті ол.
Бірнеше күн бұрын Путин «Варшаваның Украинаның батыс аймақтарын аннексиялау жоспары барын» ешқандай дәлел-дәйексіз айтқан. Сондай-ақ ол: «Польшаның батыс аумағы – КСРО-ның сыйлығы» деп атап, тағы да қоқан-лоқы көрсетті.
«Кеңес одағының арқасында, Сталиннің ұстанымының арқасында Польша Батыста Германия жерінен өзіне үлес алды. Қазіргі Польшаның батыс аумақтары – Сталиннің поляктарға берген сыйы. Варшавалық достар осыны ұмытып кеткен сияқты. Ендеше естеріне түсіреміз», - деді Путин.
Бұл мәлімдемелер Польшаның наразылығын тудырды.
Поляк СІМ-і Ресей Президентінің сөзін арандату және қоқан-лоқы көрсету деп есептейтінін мәлімдеді.
«Осындай жалған тарихи тұжырымдармен Сталин сияқты әскери қылмыскерді Владимир Путин сияқты қылмыскермен ақтауға тырысу – Польшада шиеленіс тудыруды мақсат етеді», – деді Польша СІМ орынбасары Павел Яблонский.
Бұған дейін Польша бірнеше рет Ресейді соғысты тоқтатуға, Украинаға басқыншылықты тоқтатуға және әскери қылмыс жасауды доғарып, қылмыскерлерді жазаға тартуға шақырған.
Mezgil.kz