Еуропа тағы да Құран өртеді. Араб елдері наразылық білдіруде

Дания астанасы Копенгагенде «Дат патриоттары» ультра ұлтшыл тобының екі мүшесі Ирак елшілігі ғимаратының алдында мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранды өртеп жіберді. Олардың Ирак билігіне қандай талаптар қойғаны белгісіз.

1690279266618580.jpg

Бұл наразылық акциясы бір аптаның ішінде екінші рет қайталанып жатыр. Бұған дейін «Дат патриоттары» елшілік алдында Құранды өртеп, Ирак туын аяққа таптаған. Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Расмуссен Құранды өртеу акциясын «ақымақтық әрі қасиетті саналатын дүниені қорлау» деп атап, ұлтшылдарды айыптады. Сонымен бірге, діни әдебиетті өртеу Дания заңдарына қайшы емес екенін де ескертті.

Бұл оқиға Бағдад тұрғындарының шамына тиіп, адамдар наразылықа шықты. Мыңға жуық адам Дания елшілігінің алдына жиналып, діни ұрандар айтып тұрды. Басра қаласында наразылық білдірушілер Данияның босқындар жөніндегі гуманитарлық миссиясы ғимаратын өртеп жіберді.

Ирак президенті Абдел Латиф Рашид Батыс елдері үкіметтері мен халықаралық ұйымдарды «арандатушылық пен жеккөрушілікті тоқтатуға» шақырды.

Бұған дейін, Ирактан келген 37 жастағы босқын Швецияда Құранды өртеуге полицяидан рұқсат алып, Үлкен мешіт алдында мұсылмандардың діни кітабын өртеген. Бұл әрекетті Сауд Арабиясы, Ирак, Иран, Марокко сияқты бірқатар ислам елдері айыптады. 

Швеция полициясының Құран өртеу акциясына рұқсат бергеніне наразы болған Бағдад халқы Швеция елшілігінің ғимаратын басып алып, өртеп жіберген.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар