БАҚ: Қырымдағы "Артекте" қазақстандық балалар демалып жүр

Украинаның оккупацияланған аймағы Қырымдағы «Артек» балалар лагеріне қазақстандық балаларды демалуға жіберу тоқтаған жоқ. Бұл туралы «Азаттық» арнасы жазды. Балалар мен өзге де демалушылар Қырымдағы «Артек» лагеріне Ресейдің Россотрудничество агенттігінің жобалары арқылы баруда. Сондай жобалардың бірі - «Русский дом».


556ef6bcb773530e4a8fc62cac6f893d.jpg

 

«Русский дом» жобасының Фейсбуктегі парақшасы 5 күн бұрын Артек лагерінде демалып жатқан қазақстандық баланың пікір видеосын жариялады. «Артек лагері, Қырым нағыз ертегі әлемі десем де болады. Мен бұған дейін дәл осындай әдемілікті, дәл осындай асқақ тауларды, кереметті көрмеппін», - дейді видеодағы бала. Видеоның сипаттамасында оны «Адиль Овчаренко, жасы 17-де, Қазақстанның Екібастұз қаласынан» деп жазыпты.

 

Ресей билігі Фейсбук желісін "лаңкестік" деп танығанына қарамастан әлі күнге дейін бұл желіні белсенді түрде қолданып келеді. Бұл Қырымға қазақстандық балалардың бірінші мәрте барған сәті емес. Соңғы рет мамыр айында Қазақстанның Шымкент, Астана және Тараз қалаларынан балалардың Қырымға барғаны белгілі болып, әлеуметтік желіде шу шыққан болатын.

 

Украина қарсы шабуылы басталған сәттен бастап, Қырымдағы басқыншылардың әскери нысандарына соққы жасау артты. Украина бір апта ішінде Қырым көпіріне соққы жасап, артынша үш қойманы жойды. Бұл Қырымның қауіпсіз еместігін және халықаралық құқыққа сай Украина әскеріне Қырымды әскери жолмен қайтаруға болатындығын білдіреді.

 

Ұлыбритания «Артек» балалар лагеріне де санкция жариялады. Лондон лагерьде ресейлік тарап балаларға идеологиялық тәрбие беріп, милитаризмді және ресейлік агрессияны насихаттап жатқанын айтады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар