Африка елдері астық мәмілесін тоқтатып тастаған Ресейге өкпелі. Жуырда болатын Ресей-Африка саммитіне көп мемлекет өз көшбасшыларын жібермейтін болды.
Африка құрлығынан 54 мемлекеттің басшысы келуі керек еді. Енді 38 елдің лидері саммитке қатысудан бас тартып отыр. Саммит Санкт-Петербургте 27-28 шілдеде өтеді. Сонымен бар болғаны 16 елдің президенті, 10 елдің премьер-министрлері Ресейге аттанбақ.
Шақырылғандардың тең жартысы төменгі шенді делегаттарын (вице-премьер, министр т.б.) жіберген. 5 ел жай ғана Елшілерін қатыстырса, тағы 5 ел саммитке қатысудан мүлде бас тартқан.
Жақында Ресей астық келісімінен шыққан болатын. Көптеген бақылаушылар Ресей-Африка отырысының алдында Кремльдің мұндай қадамға барғанына таңғалды. Себебі, астық келісімінің бұзылуы ең алдымен Африка елдеріне үлкен залал келтіреді. Африка құрлығы мемлекеттері Украина соғысында үнемі Ресейді қолдағанына қарамастан, Мәскеудің арқадан пышақ сұққанын түсінбеді.
«Ресейдің астық мәмілесінен шығу туралы шешімі – арқадан пышақ сұғумен тең. Бұл әсіресе, онсыз да құрғақшылықтан зиян көрген Африка мүйізі елдеріне ауыр тиеді», - деді Кенияның Сыртқы істер министрі Корир Синг’Оей.
Африка мүйізі елдері: Сомали, Эфиопия, Эритрея және Джибути. Шығыс Африканың ауылшаруашылығы жақында болған құрғақшылықтан қатты зардап шекті, ал континенттің солтүстік бөлігі азық-түлігін толықтай сырттан сатып алып отыр.
Сомали, Кения, Эфиопия, Оңтүстік Судан және Нигерия астық импортына жүз пайыз тәуелді, Египет украин өнімдерінің ең ірі импорттаушыларының бірі.
Замбия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Стэнли Какубо: «Астық мәмілесі мұқтаж елдердің құтқарушысындай болып еді, оны тоқтату ауыр зардаптарға әкеледі» деді.
Астық келісімі тоқтағанымен Украина БҰҰ-ның делдалдығы арқасында Ресей флоты бұғаттаған Қара теңіз порттары арқылы астық пен күнбағыс майын экспорттауды жалғастыра береді. Тек үшінші елдерге жеткізетін астық өнімі айтарлықтай қысқарады, әлемдік нарықтарда астық, азық-түлік қымбаттайды.
Соғыс басталған алғашқы кезеңде БҰҰ мен Түркияның күшімен Украина мен Ресейдің алғашқы астық келісімі жасалғанша, көптеген елдер, әсіресе, Африка құрлығы, астықтан тарықты.
БҰҰ есебі бойынша, континентте шамамен 50 миллион адам аштықтан зардап шегіп отыр.
Бірақ француздық Le Monde басылымы Путиннің бір ойлағаны бар дейді. Наурызда Кремль астық мәмілесінен шығатын болса, Ресей астықты мұқтаж Африка елдеріне ақысыз астық жеткізуге дайын екенін хабараланған. Бұл туралы әлі ресми мәлімдемелер жоқ.
Mezgil.kz