Тыңшылық жасады. Молдова Ресей елшілігінің 45 адамын елден қуды

Молдова Ресей елшілігінің 45 қызметкерін елден қуып жатыр. Молдова СІМ басшысы Николай Попеску Ресейлік елшілердің тыңшылық жасап, күдікке іленгенін айтты.

1690444782478025.jpg

Попеску Үкімет отырысында: «Ресей өз елшілерін пайдаланып, жылдар бойы Молдованы дұшпандық саясатының нысанына айналдырды», - деді. Осыған байланысты Молдова билігі «елге іріткі салушыларды азайту үшін» Ресейлік дипломаттардың санын шектеуге шешім қабылдады.

Попеску Ресей елшілігінің сұмдығын ашқан журналистік зерттеу туралы айтты. Ресей елшілігі ғимарат шатырына сигналдың кез келген түрін қабылдай алатын 28 антенна орнатқан. Журналистер антенналарды Ресейдің арнайы қызметімен байланысы бар елшілер қайта-қайта орнатып отырғанын анықтаған. Бұған дейін басқа да Еуропа елдеріндегі Ресей елшілігі ғимараттарының шатырларындағы антенналар туралы осындай зерттеулер болған.

Норвегия тыңшылықпен айналысқан 15 Ресейлік елшіні нон грата деп таныған. Германия 20 Ресейлік елшіні «дұшпан ниетті» деп елден қуған. Неміс барлау қызметі Ресейлік дипломаттардың Германия саясаткерлерін, кәсіпкерлерін, әскери қызметкерлерін жалдап, өз жағына тартуға тырысты деп күдіктенді. Осы сияқты соғыс басталғалы Латвия, Эстония, Литва, Румыния, Словакия, Болгария, Хорватия, Жапония тағы басқа елдер Ресейлік елшілерді елден қуды.

Аталған жайға байланысты, Молдова СІМ-і Ресей елшісі Олег Васнецовты шақырды. Ол Молодваны «русофоб» деп айыптады. Оның айтуынша, антенналар 1990 жылдары Молдовада байланыс нашар болғандықтан орнатылған екен.

Ресей Украинаға басқыншылық жорығын бастағалы мойындалмаған Молдован Приднестровье аймағынан тыныштық кетті. Бұл аймақта 1500 Ресей әскері орналастырылған, сондай-ақ 1700 жергілікті Ресейшіл әскери күш бар.

Молдовадағы Науман Қорының аймақтық филиалының басшысы Раймаром Вагнердің айтуынша, Молдованың 30 пайыз халқы Ресейге қосылуды қалайды. Олардың басым бөлігі ауыл-аймақта тұратын, әлеуметтік төмен топтар. Соғыс басталғалы Молдовада электр энергиясы 7 есе қымбаттады. Соның себебінен кедейлер көбейіп, өмір сүру қиындады. Халық Үкіметтің саясатына қарсы. Осыны Ресейлік күштер пайдаланып отыр. Олар халық наразылығын өз пайдаларына асыру үшін түрлі айла-шарғыға барып, ресейшіл топтарды көбейтпек.

Кей сарапшылар, Ресей Украинадан жеңілсе Кремль билігін ұстап қалу үшін және өз халқын алдаусырату үшін кішігірім жеңіс керек болады. Сол себепті Молдоваға ауыз салады дегенді айтады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар