Орталық Азия елдері Қытаймен өзара сауданы еселеп арттыруда. Қытай Орталық Азия елдерінің ең басты сауда серіктесіне айналуда. Экономикалық және саяси тұрғыдан Ресей ықпал етіп келген аймақта Мәскеу өз позициясынан айырыла бастады.
Орталық Азиядағы Қытаймен сауда қатынасында Қырғызстанның үлесі аз. Қытайға экспорт бойынша Бішкек аймақ елдерінің ішінде ең соңғы орынға жайғасты. Қытай ОА елдерімен сауда жасау барысында 26.4 млрдқа тауар экспорттап, 12.9 млрдқа импорттаған. Яғни сауда балансында пайда Бейжіңде.
Қытай мен Өзбекстан арасындағы сауда қатынасы 26.8%-ға артып, 6.1 млрд долларға жеткен. Өзбекстан Қытайға 629 млн долларға тауар сатса, Қытай Өзбекстанға 5.46 млрд долларға тауар сатқан. Өзбекстанның Статистика агенттігі басқа сандарды жариялап отыр. Онда Өзбекстан 1.03 млрдқа тауар сатқанын айтады, алайда мамандар бұл шындыққа жанаспайды дейді.
Қытайдың Кеден басқармасы келесідей статистиканы жариялады. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 26.8%-ға артып, 18.25 млрд долларды құраған. Қытай Қазақстанға 10.6 млрдқа тауар сатса, Қазақстан Қытайға 7.6 млрд долларға тауар жеткізген.
Қырғызстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 27.6%-ға артып, 7.91 млрд долларды құраған. Оның ішінде Қытай 7.89 млрдқа тауар сатса, Қырғызстан бар болғаны 25 млн доллардың тауарын жеткізген.
Тәжікстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 84.7%-ға артып, 2.11 млрд долларды құраған. Оның ішінде Қытай 1.96 млрд доллардың тауарын жеткізсе, Тәжікстан Қытайға 151 млн. доллардың тауарын сатқан.
Түркіменстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 12.3%-ға артқан. Қытай бар болғаны 474 млн доллардың тауарын сатса, Түркіменстан 5.076 млрд долларға тауар жеткізген. Оның ішінде 5.058 млрд долларды газ құрайды.
Mezgil.kz