Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Солтүстік Кореяда ресми сапармен болды. Ол 26-27 шілдеде КХДР тарапының шақыртуы бойынша Пхеньянға барды. Шойгу екі Корея арасындағы соғыстың аяқталуына 70 жыл толу мерекелік шарасына қатысып, Ресей атынан құттықтау сөзді жеткізді.
Солтүстік Кореяны Ресейден басқа ресми құттықтап Қытайдың арнайы делегациясы да келген. Пхеньян мен Мәскеу өзара қорғаныс саласын дамытуға қатысты келіссөздер өткізді. Наурыз айында АҚШ барлау қызметі "Ресей Солтүстік Кореяға азық-түлік ұсынып, қарымтасына қару-жарақ алмақ" деген болжамын келтірген болатын.
АҚШ барлау қызметі Бахмут маңындағы шайқаста вагнерліктердің Солтүстік Кореяда шыққан снарядтарды қолданғанын дәлелдеген еді. Алайда бұл дәлелді «Вагнер» әскери компаниясы да, Пхеньян да жоққа шығарып, жала деп атады.
Солтүстік Кореяда азық-түлік тапшылығы артуда. Елдегі әлеуметтік жағдайды халықаралық оқшаулау, қатаң санкциялар мен пандемиялық шектеулер тіпті нашарлатты. Осыған дейін Қытай мен Солтүстік Корея шекарасы біршама ашық және сауда жасауға ыңғайлы болса, пандемия басталғалы Бейжің де, Ким режимі де шекараны тарс жапқан.
Соғыстың аяқталғанына 70 жыл толған шараға Ресей мен Қытай делегациясы пандемиядан кейін келген алғашқы делегация болып отыр. Үш жылға жуық Пхеньян ресми делегация қабылдаған емес. Ресейдің қорғаныс министрі Солтүстік Кореяға 1991 жылдан кейін араға 32 жыл салып барып отыр. Бұл да екі ел арасында қару-жарақ алу бойынша қандай да бір келісім жасалып жатқанын аңғартса керек. АҚШ саясаткері Джон Кирби: «Ресей Украинаға қарсы соғыс қимылдарын жалғастыру үшін өзге елдерден көмек сұрауда. Оның ішінде Солтүстік Корея да бар», - дейді.
Сарапшылар Ресей Солтүстік Кореяға азық-түлік пен медициналық жабдықтар беріп, қарымтасына артиллерия мен снарядтар сұрап отырғанын болжауда.
Mezgil.kz