Қырылып жатыр: Ресей қанша сарбазынан айырылды?

Ресей Украинада қаза тапқан сарбаздардың санын құпия сақтап, жария етпейді. Әдетте Мәскеу әскери шығынды ондаған есе азайтып көрсетеді. «Медиазона» мен «Би-би-сидің» ресейлік бөлімшесі сайттарда, әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалар арқылы Украина жерінде қаза тапқан 28 652 сарбаздың есімін анықтады. Олардың ішінде 2976 мобилизацияланғандар болса, 5324 сотталғандар.


157308-177326-756x425.jpg

 

Зерттеуде Бахмут шайқасынан кейін вагнерліктердің саны еселеп азайғаны көрсетілген. Бахмут маңындағы шайқастан кейін Ресей әскері сотталғандарды майдан даласына жіберу тәжірибесін тоқтатты. Бұл «Вагнер» мен Мәскеу арасындағы кикілжіңге және түрмедегі сотталушылардың соғысқа бару құлқының жоқтығына тікелей байланысты.

 

Журналистік зерттеу барысында 2022 жылдың 24-ақпанынан бастап 2023 жылдың 28-шілдесіне дейін ресейлік 2300 офицердің қаза тапқаны анықталған. Оның ішінде 280 жоғары шенді офицерлер. Жақында ғана Бердянск маңында қаза тапқан генерал-лейтенант Олег Цоковтың ажалы соны айқындап тұрғандай.

 

Зерттеу барысында ең көп қаза тапқандар Свердловск облысынан екені анықталған. Краснодар мен Челябинск аймақтары да алғашқы үштікте. Мәскеу мен Санкт-Петербургтен соғысқа аттанып, табытпен келгендер саны да аз емес. Бұған дейін «Медуза» порталы 15 айдың ішінде кемі 47 мың ресейлік сарбаздың қаза тапқанын жазып, олардың тізімдерін ашық дереккөздерден дайындап жатқанын мәлімдеген еді.

 

Ресей соңғы рет қаза тапқан сарбаздар санын 2022 жылдың қыркүйек айында жариялап, онда 5937 сарбаз деп көрсетті. Алайда бұл ақпаратқа ресейліктердің өздері де сенбейді. Ұлыбритания барлау қызметі қаза тапқан ресейлік сарбаздар саны 130 мыңнан асады десе, АҚШ олардың саны 150 мыңнан жоғары болуы мүмкін дейді. «Вагнер» компаниясының басшысы Пригожин бұған дейін Қорғаныс министрі қаза тапқандар санын баяндамада Мәскеуге еселеп азайтып көрсететінін айтып, тек қана Вагнердің өзі Бахмут шайқасында 21 мың сарбазынан айырылғанын мойындаған болатын.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар