Қазақстандық «Зенит» зауыты түркиялық ASFAT қорғаныс зауыты мен YDA Group компаниясымен Қазақстан флотына әскери кемелер жасауға қатысты келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы Defence Turk жазды. Бұған дейін Қазақстан әскери кемелерді Ресейден, АҚШ-тан, Оңтүстік Корея мен Германиядан сатып алған еді.
Келісім Стамбұлда өтіп жатқан қорғаныс саласына қатысты халықаралық IDEF-2023 көрмесі аясында жасалған. Келісімде тасымалдау кемелерінен бастап әскери кемелерге дейін құрастыру, жасау, олардың жобаларын жасап шығару жайында айтылған. Келісім қанша уақытта іске асатыны белгісіз, әскери құпия.
«Зенит» зауыты 1941 жылы негізі қаланды. Ол Ленинградтан эвакуацияланған зауыттардың бірі болатын. Соғыс кезеңінде зауыт теңіз әскери күштеріне қажетті қару түрлерін шығарды. Қазір зауыт Қазақстанның теңіз күштеріне арнап қайықтар, әскери кемелер шығарады.
Түркияның ASFAT зауыты болса осы уақытқа дейін Түркияның қорғаныс саласына өнімдер шығарумен келеді. Түркия бойынша 27 зауыты орналасқан. YDA Group компаниясының негізі 1954 жылы қаланды. Ол тек қана әскери салаға емес, сонымен қатар әлеуметтік салаға да тапсырыстар орындады. Түркия аумағында ауруханалар, көпірлер, жолдар да салған.
Келісім аясында Қазақстанға түркиялық компаниялар қанша кеме жасайтыны белгісіз. Соңғы уақытта Анкара мен Астана арасындағы қорғаныс саласын күшейту әрекеттері айқын көрінуде.
Mezgil.kz