Генерал Лидің құлауы: Си төраға ядролық күштерді "тазалап" жатыр

Қытай билігі әскери саладағы ауыс-түйісті жалғастыруда. Бейжің ядролық күштердің бірден екі қолбасшысын алмастырды. Қытайдың зымыран әскерін басқаратын генералы Ли Ючао мен оның орынбасары Лю Гуанбинь бірнеше ай БАҚ бетінде көрінбей кеткен болатын. Бүгін олардың орнына осыған дейін Қытай теңіз күштерінің қолбасшы орынбасары қызметін атқарған Ван Хоубин мен партияның орталық комитетінің өкілі Сюй Сишэн тағайындалғаны белгілі болды.


Си Цзиньпин

 

Бұған дейін Қытай билігінде түсініксіз жағдайда СІМ басшысы Цинь Ган ел назарынан жоғалып кеткен еді. Ол БАҚ беттерінде көрінбей кетіп, артынша оның орнына Уаң И тағайындалғаны жарияланды. Цинь Ганды билік не үшін алып тастағаны және оның қазір қайда екені әлі белгісіз.

 

Бұл он жыл ішіндегі Қытай әскеріндегі ең үлкен өзгеріс дейді сарапшылар. Ядролық күш Қытай әскерінің элитасы саналады. «Қазір Қытай әскерінде тазалау жүріп жатыр. Қытай өзінің ядролық күштеріне қатысты стратегияны өзгертуде, мынау соның айқын дәлелі. Қытай төрағасы әскерді толық өз қолына алуда, алайда процесс әлі аяқталған жоқ. Ол партиядағы жемқорлық пен өзіне бағынушылық мәселесінде әлі де олқылықтар бар деп есептейді», - дейді АҚШ-тың Азия мәселесі бойынша институтының сарапшысы Лайл Моррис.

 

Си шілде айында әскерилердің алдында сөз сөйлеп, ядролық қаруды дамыту, қару саласындағы көшбасшылыққа ұмтылу мен әскери саладағы жемқорлықты жою мәселесін көтерген болатын. Бүгінде ядролық күштердің қолбасшылығынан алынған Ли Ючао мен Лю Гуанбиннің қайда екені белгісіз. South China Morning Post-тың жазуынша қолбасшылар қызметінен алынған соң, оларды жемқорлыққа қарсы комитет тексеріп жатқан көрінеді.

 

Сарапшылар Қытай басшысының СІМ мен қолбасшыларды қызметінен алып тастауы ішкі талас-тартыстың артып келе жатқанын көрсетеді дейді.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар