Орыс халқының азаюына қатысты ресейлік демографтар дабыл қағуда. Олар тарихи тұрғыдан сан түрлі мысалдар мен зерттеулерді келтіріп, демографтардың болжамдарын көрсетуде.
1906 жылы орыс ғалымы әрі мемлекеттік қайраткері болған Дмитрий Иванович Менделеев «Ресейді тану» атты еңбек жазады. Ол 1897 жылғы санаққа қарап болашақта орыс халқының қанша болатынын болжайды. 2000 жылы орыс халқы шамамен 259 млн болуы тиіс деген ойын айтады, ал Ресей империясында 600 млн халық тұрады дегенді келтіреді. Әрине, ол сәтте ғалым Ресей империясының түбегейлі жойылатынын білмеген еді.
ХХ ғасырдың басында әр орыс отбасында баланы өмірге әкелу көрсеткіші 6.5 болған дейді ғалымдар. Олардың көпшілігі аурудан шетінеп отырған. Бүгінде Ресейдегі кей аймақтағы орыс отбасыларының өмірге бала әкелу көрсеткіші 1.36-ға тең. Ал халықты тек қана сақтап тұру үшін кемі 2.1 көрсеткіш қажет дейді демографтар.
1989 жылы Ресейде 119 млн орыс халқы болса, 2000 жылы олардың саны 115 млн, 2020 жылы 111 млнға түскен. Ал 2022 жылы демографтардың зерттеуінше сыртқа кеткен орыс отбасыларын есепке ала отырып, Ресейде 102 млн орыс халқы қалды дегенді келтіруде.
Демографтар Ресейдегі орыс отбасыларының өмірге бала әкелуге құлықсыздығы, ірі қалаларға топтасып, аймақтардан көшіп кетуі, елдегі экономикалық және қатаң бақылаудағы саясатқа байланысты басқа елге қоныс аударуы, жастарға қарағанда қарттардың санының артуы алдағы 20 жылда орыс ұлтына демографиялық апатқа айналып, Ресейде орыс халқының еселеп азаюына себепкер болуы мүмкін дейді. Олар «Ана капиталы» жеткіліксіз, жас отбасыларды баланы көбірек өмірге әкелуге жаңа ынталандыру тетіктері қажет дегенді айтуда.
Mezgil.kz