Би-би-си журналисі Джонатан Бил Бахмут маңында соғысып жүрген украин мергендерінен сұхбат алды. Оларды Ресей әскері «Бахмут елестері» деп атайды.
«Бахмут елестері» мергендер тобында 20 адам бар. Олар түнгі уақытта аса белсенді. Мергендер тобының басшысы, лақап аты «Елес» атты жауынгер Ресей артиллериясы мергендердің базасына жақын маңда екенін айтады. Алайда олар артиллериялық соққыдан сақтануды үйренген. Бір жылға жуық осы маңда соғысып үйренген топ «әр тас, әр ағаш, әр үйді жатқа білеміз» дейді.
«Елес» мергендер тобы Бахмут маңында 524 жаудың көзін жойғанын айтады. «Мен өзім 76 жауды жер жастандырдым. Біз әр атқан оқты электронды есептеуіш арқылы санап отырамыз, қателесуге хақымыз жоқ», - дейді ол. Алайда барлық мерген өзінің нысанын есепке алмайтын болып шықты.
Мергендер тобының тағы бір мүшесі Кузя есімді жауынгер. Ол соғысқа дейін зауытта жұмыс істеген, ал Ресей басып кірген сәтте цехты тастап майданға өз еркімен аттанған. Кузя американдық Barrett мылтығын қолданады. Ол «мен адам өлтіріп жүрген жоқпын, жаудың көзін жоюдамын, бұл екеуі екі түрлі түсінік» дейді.
Мергендер әскери операцияға үш адам болып аттанады. Ұрыс даласына жақын аумаққа оларды жүргізуші алып барады. Артынша екі мерген бірнеше шақырым жаяу өтіп, жау позициясына жақындайды. Бір мерген жауға қатысты ақпаратты жинақтап, бағыт береді, ал екіншісі нысанның көзін жояды.
Бірнеше сағат өткен соң оларды көлікпен алып кетеді. Көлік тұрған жерге мергендер жаяу жетуге мәжбүр. Мергендерді операция аумағынан эвакуациялау түнгі уақытта іске асады және көлік артиллериялық соққыға тап болмау үшін жарығын қоспай жүреді. «Елестің» айтуынша жарты жылда мергендер тобынан жауынгерлер қаза болмаған. Бірнеше мерген жарақат алған, «Елестің» өзі екі мәрте жараланыпты. Жақында мергендер тобына бірнеше жауынгер келіп қосылмақ. Олар Ұлыбританияда дайындықтан өткен сарбаздарды күтіп отыр.
Mezgil.kz