Қазақты һәм Қазақстанды тілдеу – Қазақстанда қылмыс емес пе? Солай деп сөйлеуімізге себеп – Қызылжар соты сепаратизммен айыпталған азаматты түрме жазасынан босатып, мәжбүрлі емдеуге жіберген. Бұл туралы Петропавловск.news сайты жазды.
Петропавловскінің Валерий Лихушин есімді тұрғыны 8 жыл шегінде Facebook желісінде «Petr Sidorov» деген лақап атпен әлеуметтік араздық тудырып, азаматтардың, соның ішінде қазақ ұлтының ұлттық құндылықтарын мазақ етіп, Қазақстанның солтүстігіндегі Қызылжар қаласын Ресейге қосу туралы мәселе көтеріп, мемлекеттік шекараның тұтастығын бұзуға әрекеттенген.
Биыл 4 тамызда қалалық сот сепаратист Лихушинді «ауытқушылығы бар адам» деп таныған. Ал биыл 7 сәуірде Петропавловскі қалалық соты кешенді психолого-психиатриялық сот сараптамасын тағайындаған. Сараптаманы ҚР ДСМ-ның Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы жасаған. Орталық мамандары сеператист Лихушинді «психикалық ауытқушылығы бар адам» деп қорытындылаған. Осыны негізге ала отырып, Петропавловскі соты сепаратисті қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.
«Сот В.М.Лихушиннің заңға қайшы қылмыстық әрекеттері денсаулығының ауытқушылығы жағдайында жасалғанына көз жеткізді. Сол себепті қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі түрде психиатриалық стационарда емдеу туралы шешім шығарды», - деп мәлімдеді Петропавловскі қалалық сотының баспасөзі.
Сотқа сепаратист Валерий Лихушиннің өзі қатыспаған екен. Ал оның қорғаушысы әрі сенімді өкілі соттан «кінәсі дәлелденбегендіктен, оның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуды» сұраған.
«Ақылынан ауысқан» деп ақталған бұл сепаратисттің жазбаларына көз жүгіртсеңіз, олай деп ойламайсыз. Біліп тұрып бүлдіргені көп Лихушин 2014-2022 жылдар аралығында аузы көбіктеніп отырып, талайға тіл тигізген.
«Petr Sidorov» деген лақап атты бүркеніп, Facebook желісінде әлеуметтік һәм ұлтараздық араздықты қоздыруға бағытталған жазбалар жариялаған. Қазақ пен орыс ұлттарын бір-біріне айдап салатын сөздер айтқан. Ол – ол ма, Қазақстанның территориялық тұтастығын бұзуға бағытталған жазба жариялаған. Онда Қазақстанның солтүстігіндегі Қызылжар қаласын Ресейге қосу туралы мәселе көтерген.
«Желідегі аватарында «Великая Прекрасная Россия», «Наш Север» деген жазулары бар схематикалық суреттер мен географиялық карталар қойған. Оның жазбаларында, «пи**расы всякие», «хохлы», «ляхи», «хачи», «чурки», «чуркобесы», «степь и говно», «косоглазые обезьяны», «сраные япошки» т.б. сөздер кездеседі. Осы арқылы Ресейді көршілес мемлекеттерге қарсы қою әрекеті жасалаған. Ол үшін бейәдеп, балағат сөздер мен ксенофобтық лексемдер қолданылған. Осы арқылы ұлтаралық араздықты қоздырған», - делінген сот мәлімдемесінде.
Сепаратист Лихушиннің бұл жазбалары қоғамның наразылығын тудырып, оны сотқа берген. Валерий Лихушиннің адвокатының айтуынша, ол оқушы кезінде «психикасында ауытқуы бар» деген диагнозбен психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған. Жүйке ауыруы бар балаларға арналған арнайы мектепті бітірген. Бірақ кейінен Лихушин сауыққаны себепті есептен шығарылған.
Ашық деректердегі мәліметтерге көз жүгіртсек, Қызылжар өңірінде соңғы 2,5 жыл ішінде «сепаратистік әрекет жасады», «ұлтараздығын қоздырды» деген айыппен 11 азамат сотталған екен. Олардың ішінде, түрме жазасына кесілгендері де, шартты жазамен босатылғандары да бар.
Айта кетейік, Ресейдің жаңа империализмі Украинадағы басқыншылық кейпіне ене бастағалы бері Қазақстанға Ресей тарапынан түрлі ақпаратық шабуылдар күшейді. Ресейдің әртүрлі шенді лауазымды тұлғалары тарапынан Қазақстанның территориялық тұтастығына нұқсан келтіре сөйлеген даулы мәлімдемелер көбейді. Сол сөздерден желпінген бөтен пиғылды азаматтар Қазақстаннан да табылып, әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыратын, Қазақстанда Конституциялық тәртіпті бұзуды көздейтін, Қазақстанның жерін Ресейге қосуға үндейтін сепаратистер жауыннан кейінгі жауынқұрттай қаптап шыға бастады.
Солардың бірі күні кеше ғана «Instagram» желісінде жылт етіп шыққан мына бір әйел. Әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда ол Астанада тұрып, кәсіппен айналысатын адам. Желіде: «Қазақтар – калбиттер, маймылдар», «Сендерді бекер құтқардық. Бір-бірлеріңді өлтірулерің керек еді», «Жазаларыңды Путин береді» т.б. сөздерді ашық айтқан.
Қазақстанның құзырлы органдары осындай бәдік ауыз, бөтен пиғылды бүлікшілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуы керек! Жоғарыдағы сеператист Лихушин секілді қылмыстық жауапкершіліктен босатудың аяғы – сепаратистердің санасында «жауапсыздық» эффектісін қалыптастырып, әлеуметтік желілерде әртүрлі әңгімелердің қаптауына себеп болады.
Mezgil.kz