Мәскеудің солтүстік-шығысындағы Сергиев Посадтағы Загорск оптико-механикалық зауытында жойқын жарылыс болды. Әлеуметтік желіде жаралыстың видеолары әп-сәтте тарап кетті.
Жарылыстан 37 адам жарақат алған, оның үшеуі ауыр хәлде. Құтқарушылар үйінді астында зауыт қызметкерлері қалып қоюы мүмкін дегенді айтуда. Жарылыстың жойқын болғандығы соншалық зауыт маңындағы тұрғын үйлер мен «Луч» спорт кешеніне зақым келген. Үйлердің терезесі сынған.
Зауыттан жұмысшыларды эвакуациялау іске асуда. Тұрғын үйлердің халқын да уақытша басқа аймаққа көшірмек. Ресей билігі жарылыс техникалық қауіпсіздік шараларын ұстанбағандықтан болды дейді.
Ресейлік БАҚ зауыттың бір қоймасын жалға алған «Пиро-Росс» компаниясының пиротехникалық өнімдері атылып кеткен дегенді айтуда. «Пиро-Росс» компаниясы Ресей жеріндегі түрлі мемлекеттік мейрамдарда отшашу ұйымдастыруымен аты шыққан.
Ал жарылыс болған Загорск оптико-механикалық зауыты «Ростех» компаниясына қарайды. Зауыт әскери бағыттағы өнімдер де шығарған. Оптикалық құрал-жабдықтар, дүрбілер мен түнде көру құралдарын өндірген. 2018 жылы зауытта Ресей қорғаныс министрлігі заманауи лазерлік сәулеленуді анықтайтын құрылғыны таныстырған еді.
Mezgil.kz