Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахимов мәдениеттен жұрдай, ырду-дырду, маскүнемдікті насихаттайтын Ресейлік сериалдардан бас тартуға шақырды.
«Тәрбиесіздік, дөрекілік, ішкілік, үнемі ұрыс-керіс шығарып жүретін «тәтелер», маскүнем, өз ойы жоқ, мәйкішең күйеулер, ойсыз әрі арзан қалжың, берекесіз тұрмысты бейнелейтін Ресейлік отбасылық сериалдар мені үнемі ойландыратын. Осындайды түсірудің, насихаттаудың керегі не? Халық осының бәрін дұрыс деп есептеп, солай өмір сүре берсін дей ме?», - дейді Әбдірахимов.
Ол Қазақстанның режиссерлері де Ресейдің фильмдерін дәлме-дәл қайталайтынын айтады.
«Таяуда ерінбей отырып қазақтың сариалдарын көріп шықтым. Өкінішке орай, біздің кинематография жоғарыда айтқанымның бәрін көшіріп беріп отыр. Сонымен бірге, мұның бәрі мемлекеттік арналар арқылы көрсетіліп отыр», - деп жазды ол.
Ғабидолла Әбдірахимовтың ойынша, қазақстандық кинематографтар мәдениетін әспеттеп жеткізетін түріктерден үлгі алуы керек.
«Осы фильмдерді түсіріп, прокатқа шығарушы құрметті тұлғалар, онсыз да құрып бара жатқан мәдениетімізді одан әрі аяққа таптауды қойыңыздар, өтінемін. Одан да өзінің киносы мен телехикаялары арқылы заманауи мәдениетін, зиялылығын, отбасылық құндылықтарын, тап-тұйнақтай тұрмысын, патриотизімін насихаттайтын Түркиядан үлгі алыңыздар», - деп жазды ол әлеуметтік парақшасында.
Ғабидолла Әбдірахимов 2021 жылы 1 қазанға дейін мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарған. Оған дейін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, 2 рет Шымкент қаласының әкімі болды.
Mezgil.kz