«Қазақстан Ресейдің соғыс символдарына тыйым салады» деген ақпарат осыдан біраз уақыт бұрын БАҚ-та жария болып, Қазақстанның Бас прокуратурасы кейін бұл ақпаратты терістеген еді.
Дей тұра, аталған ақпарат Ресейдің соғыс символдары саналатын «Вагнер» ЖӘК, «Ресей армиясы», «Вежливые люди», «Z» және «V» белгілеріне Қазақстанда тыйым салынбақ деген ақпарат әлемдік ақпарат кеңістігін шарлап кетті. Қазақ қоғамы әуелде бұл жаңалықті: «Әп, бәрекелді», - деп қабылдаса, ресми терістемеден кейін: «Әттеген-ай», - десті.
Сол арада аптасына сайын қазақтың ауласына тас атпаса бастары ауырып, балтырлары сыздайтын Ресейдің пропогандашылары Қазақстанға қарата небір соғыс тілеген сөздерді айтты. Солардың бірі – Кремльдің басты айтақшысы Владимир Соловьевтің студиясы һәм ондағы пропогандашы Сергей Мардан деген адам.
Мардан жоғарыдағы ақпаратты ести сала: «Қазақстанның Ресейге қатысты позициясы қате. Украинадағы соғысқа қатысты позициясы дұрыс емес», - деп сөйледі.
«Вагнер» ЖӘК, «Ресей армиясы», «Вежливые люди», «Z» және «V» белгілеріне тыйым салудың ақыры жақсылыққа апармайды. Бізде Украинаға қатысты 2014 жылдан бергі үлкен тәжірбие бар», - депті.
Мардан бұл сөздері арқылы Кремль түбі Қазақстанға гибридтік соғыс ашатынын астарлап айтып отыр.
«Мен Ресейдің жауапты тұлғалары Қазақстанның бұл қадамдары жайлы көріп-біліп отыр деп сенемін. Бұл фактілердің барлығы жеке папкада жинақталып жатқаны да анық. Ресей 2014 жылдан кейін жинақтаған тәжірбие Қазақстанға қатысты қолданылуы да ғажап емес. Және бұл тәжірбие көпке ұнамауы да мүмкін. Қазақстандықтар, сеніңіздер. Бұлдай жасау сіздерге жақсылық әкелмейді. Біз ұмытпаймыз», - депті.
«Бізді қолдамасаңдар, Украинаның кебін киесіңдер», - деп ашық қоқан-лоқы жасап жатқан Ресейлік пропогандашыға қатысты Қазақстанның құзырлы органдары қандай да бір шара қолдануы, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейге наразылық нотасын жолдауы керек! Бұл үнсіз ғана ұмытып кететін мәселе емес! Ресейлік пропогандашы Қазақстанға соғыспен қоқан-лоқы жасап отыр. Және бұл Ресей шекарасының арғы жағынан айтылып отырған алғашқы қоқан-лоқы емес!
Mezgil.kz