The Insider мен Bellingcat Еуропадағы ресейлік белсенділер мен тілшілерді улауға қатысты зерттеу жүргізуде. Арнайы көлемді мақаланы өз арналарына жариялады.
2022 жылдың 17-18 қазанында Мюнхенде «Новая газета» мен «Медузаның» журналисі Елена Костюченкода улану белгілері пайда болғаны айтылды. Оның басы айналып, құсып, мұрнынан қан кеткен. Араға бір апта салып «Эхо Москва» журналисі Ирина Баблоян Тбилиси қаласында Елена Костюченконың симптомдарына ұқсас күйде ауруханаға жеткізілді. 2023 жылдың мамырында «Свободная Россия» қорының басшысы Наталия Арноның да уланғаны айтылды. Дәл осы оқиғаларға байланысты The Insider басылымы 15 тамыз күні өз зерттеуін жариялады.
Елена Костюченко Украина жеріне барып, бірнеше репортаж түсіріп, ресейлік агрессия жайлы ашық жариялаған соң Мюнхен қаласына келген болатын. Ол 2022 жылдың сәуірінде Мариуполь маңына барып репортаж түсіруді жоспарлаған, алайда қадыровшылар оны өлтіруге бұйрық алғандықтан, ол идеясынан бас тартқан еді. 2022 жылдың қазанында Мюнхен қаласына келген сәтте ол өзін нашар сезіне бастаған. Мұрнынан қан кетіп, басы айналып, лоқсу және тершеңдік белгілерімен ауруханаға жеткізілген. Анализ оның АЛТ және АСТ ферменттері нормадан бес есеге дейін артып кеткенін көрсетті. Дәрігерлер бұл көбіне улану жағдайында болатынын айтқан. Германия полициясы оның үйін тінтіп, радиацияның бар-жоғын тексерген.
2023 жылдың 2-мамырында Германия полициясы улануға қатысты істі жауып тастады. Себебі нақты дәлел тапқан жоқ. Алайда араға бір ай салып іс қайта ашылды, полиция нақты қандай дәлел тапқанын жарияламады, алайда улану ісіне қатысты деректерді қолға түсіргені белгілі болды.
Ал «Эха Москва» журналисі Ирина Баблоян 2022 жылдың 25-қазанында Тбилиси қаласында өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырған. Оның ауру белгілері Елена Костюченкомен ұқсас еді. 26 қазан күні ауру симптомдары күшейді. Ол бір апта ауруханада жатып, артынша Германияға барып, Берлинде анализ тапсырды. Анализ белгілері оның қан құрамы өзгергенін, улану белгілері бар екенін көрсетті.
«Свободная Россия» қорының басшысы Наталия Арно 2023 жылдың 2-мамырында Прага қаласындағы шараға қатысып, шарадан кейін өзін жайсыз сезінген. Оның тілі жансызданып, аяқ-қолы ұйып қалған. Кеуде тұсы, омыртқасы ауырып, көзі қарауыртқан. Соған қарамастан ол 2023 жылдың 4-мамырында Вашингтонға ұшып барып, анализ тапсырған. Дәрігерлер бұл жолы журналисті нақты улағанын айтты.
The Insider мен Bellingcat бұл белсенділер мен журналистерді ресейлік тарап улауы мүмкін деп санайды. Себебі Ресей осыған дейін саяси қайраткерлерді өзге ел аумағында улағаны белгілі. Олардың ішіне әйгілі «Скрипаль ісі» мен Навальныйды улау да кіреді.
Mezgil.kz