Ресейге қару жеткізу: АҚШ қазақстандық компанияға санкция салды

АҚШ Қазақстан, Ресей және Словакияның үш компаниясына санкция салды. Компаниялар санкцияны айналып өтуге тырысып, Солтүстік Кореядан Ресейге қару жеткізуді ойластырған. Бұл туралы ақпарат АҚШ қаржы министрлігінде жарияланды.


 

Санкция 2018 жылы Астанада тіркелген қазақстандық Defense Engineering компаниясы, ресейлік ООО «Верус» және словакиялық Versor компаниясы салынған. Бұл үш компанияға Словакия азаматы Ашот Мкртычевтің қатысы бар болып шықты. Наурыз айында Вашингтон оған санкция салған болатын.  

Мкртычев Ресей мен Солтүстік Корея арасында қару тасымалына қатысты келіссөздер жүргізіп, ондаған қару түрін Ресейге жеткізудің жолын қарастырған. Қарымтасына Ресейден шикізат пен өзге де тауар түрлерін алуға келіскен.

 

«Дәл осындай жолдар арқылы қару алғысы келген Путиннің жағдайы айтарлықтай жақсы деу қиын», –дейді АҚШ қаржы министрлігі. АҚШ осыған дейін Иран мен Солтүстік Кореядан артиллериялық снарядтар мен дрондар, әскери формалар Ресейге жеткізілгенін айтқан болатын. Шілденің соңында Пхеньянға Шойгу барып, екі күндік келіссөздер өткізді. Сарапшылар «Солтүстік Корея Ресейге қару, ал Ресей Пхеньянға азық-түлік беруі мүмкін» деп болжады. Сол болжам шындыққа айналғандай.

 

Қазақстан санкцияға байланысты ресми мәлімдеме жасап, былай деді: «Біз компанияның санкциялар тізіміне енгізілуін Қазақстанның резиденті болып табылмайтын, оның иесі Ашот Мкртычевтің АҚШ санкциясында болуымен байланыстырамыз. Компанияның санкциялар тізіміне енгізілуі техникалық сипаттағы жайт.

 

Бұл адам 2020 жылғы 7 наурызда ҚР аумағынан кетіп қалған. Одан кейін елге кірмеген. «Defence Engineering»-тен басқа, оның басқа юрисдикцияларда тіркелген екі компаниясы да санкцияға іліккен.

 

Біз батыстағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бұл компания бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады»,-делінген хабарламада.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар