Түркия билігі Мәскеуге ескерту жасады. Түркияның Палауға жалға берген «Сукру Окан» жүк кемесін Ресей Қара теңіздегі бейтарап аймақта тоқтатып, тексерген болатын. Бұл түрік билігі тарапынан наразылық тудырды.
Өткен жексенбіде ресейлік «Василий Быков» кемесі Палау туымен кетіп бара жатқан жүк кемесіне ескерту оғын атты. Кеме о баста Ресей әскери кемесінің «тоқта» деген бұйрығына бағынбаған. Себебі жүк кемесі Түркияға жақын бейтарап аймақта кетіп бара жатқандықтан, Ресейдің әскери кемесіне бағынуы міндетті емес еді.
«Біз бұл жайтқа байланысты Мәскеудегі серіктестерімізге ескерту жасадық. Олар Қара теңіздегі жағдайды ушықтырмауы тиіс», —дейді президент Ердоғанның канцеляриясы.
«Жүк кемесінің капитаны тоқта деген бұйрыққа бағынған жоқ. Ресей тарапы тыйым салынған жүктің бар-жоғын тексеруге құқылы еді. Сондықтан ресейлік кеме автоматтан әуеге оқ жаудыруға мәжбүр болды», —дейді Ресей қорғаныс министрлігі. Артынша Ресей тарапы «Сукру Окан» кемесіне Ка-29 тікұшағымен десант түсірген видеоны жариялады. Онда кеме экипажы тізерлеп отырғаны да анық көрінген. Кемені тексеріп болған соң, өз еркіне жіберген. Тексеріске қарамастан кеме Украинаның Измаил портына бет алған.
Түркия Қорғаныс министрлігі бұл жайтты жақсы білетінін, қазіргі уақытта бұл сұрақпен министрліктің өкілдері айналысып жатқанын айтты.
Көптеген кемелер бүгінде қауіпсіздігін ойлап Қара теңізге кірмеуге тырысады. Ал жүк кемелері бірден Украина порттарына емес, Румынияның Сулина портына бет алады. Олар Украина портына теңіз арқылы кірмей, Дунай арқылы кіруге тырысады. Сарапшылар «Түркияның Палау туымен жүзіп жүрген кемеге қатысты жайтта қарсы реакция білдіргені Анкараның астық келісімінің тоқтағанына қатты наразы екенін көрсетеді» дейді.
Mezgil.kz