Нидерланды мен Дания Украинаға АҚШ-та жасалған әйгілі F-16 ұшақтарын беретін болды. Бұл жаңалық Украина басшысы Владимир Зеленский Еуропа елдеріне сапары кезінде жарияланды.
Нидерланды Украина ұшқыштары F-16 басқаруды толық үйреніп біткен соң Киевке 42 дана соғыс ұшағын беруге уәде етті. Ал Дания беретін алғашқы 6 дана F-16 ұшағы биыл жаңа жылға дейін Украинаға жетеді.
Бұған дейін АҚШ тарапы Украинаны Ресей агрессиясынан қорғау үшін ұшақтарды жеткізуге рұқсат берген еді.
Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында: «F-16 ұшақтары ядролық қаруды алып жүре алады», - деген. Оның айтуынша, ұшақтарды бақылайтын ресейлік жүйелер ядролық қарумен жабдықталмаған ұшақты ядролық қаруды алып жүретін ұшақтан ажырата алмайды.
Украинаның Қорғаныс министрі Алексей Резников ұшқыштарды оқыту басталғанын хабарлады. Оның айтуынша ұшқыштар ең аз дегенде 6 айда ұшу құралын басқаруды үйреніп шығады. Зеленский бұл шешімді «тарихи әрі ең маңызды келісім» деп атады және Ресейдің басқыншылық соғысына қарсылықта көп көмегі тиетініне сенімді екенін білдірді. «Украина әуе қорғанысын нығайтуға жәрдем береді» дейді ол.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен: «Сіздердің бостандығыңыз – біздің бостандығымыз. Біз сіздерге қару-жарақтың көбірек керек екенін біліп отырмыз», - деді.
Нидерланды Қорғаныс министрі Кайса Оллонгрен: «Ресейдің жолдауы анық: Украина берілмейді, біз де берілмейміз», - деді.
F-16 – бұл бір моторлы көп мақсатты реактивті ұшақ, яғни оларды әуе миссияларында да, жердегі шабуылдарда да қолдануға болады.
Mezgil.kz