Талқы: Қазақстанға АЭС керек пе? Оны кім салады?

Қазақстанда атом электр станциясы Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынатын болды. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС зерттеу жүргізіп, осы аумақты қолайлы деп тапқан.

1692691382629561.jpg

Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданды.

Бүгін Үлкен ауылында халықтың, БАҚ өкілдерінің, белсенділердің, ҚР Энергетика министрлігінің, Алматы облысының әкімдігінің, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен талқы өтті.

Қоғамдық тыңдауға дейін мектеп ғимараты алдында бір топ белсенді: «Жер анамызды уланудан сақтаймыз!», «АЭС салдыруға жол жоқ!», «Ата-ана елі АЭС-тен азат!» деп жазылған плакат ұстап тұрды.

АЭС құрылысына байланысты жергілікті тұрғындар мен белсенділердің пікірі екіге айырылды. Шағын ауылдың тұрғындары АЭС-тің салынғанын қалайды. Олардың айтуынша, энергетикалық нысан тіршілік көзі құрыған өңірге жаңа жұмыс орындарын ашады, ауылға жаңа тыныс береді.

Ал белсенділер АЭС Балқаш көлінің жағасына салынатын болғандықтан, көлге қауіп төндіретінін айтады.

Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы АЭС салу туралы шешімді Үлкен ауылының тұрғындары ғана қабылдай алмайды, өйткені бұл жерде «саяси шешім мен Балқаштың тағдыры» тұр, дейді. Сондықтан рефрендум өткізуді ұсынды. Рысбек Сәрсенбайұлының сөзін эколог Мэлс Елеусізов қолдады.

Осылайша қоғамдық талқы аяғына жетті, алайда ешқандай шешім қабылданған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, әзірге АЭС салуға 4 үміткер ел бар. Олар: Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корей.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар