Яндекс дауы. Министр: Біз өз ақпараттық кеңістігімізді қорғаймыз!

Ақпарат министрлігі Yandex-тің Қазақстанда бұғатталуын тым саясиландырудың қажеті жоқ деп санайды.

1692777185370037.jpg

«Кез келген мемлекет сияқты бізге де ақпараттық қауіпсіздік саласы өте маңызды. Егер қандай-да бір ақпарат біздің ақпараттық кеңістігімізге қауіп төндіретін болса, Конституциямызға қайшы келсе, мемлекетіміздің құқықтық нормаларын бұзса, БАҚ туралы заңды бұзса ол ақпарат бұғатталады», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қадырәлі.

Бұған дейін Yandex Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін елде бұғатталып қалған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі интернет-ресурстың ел аумағынан тыс аппараттық-бағдарламалық кешендерде орналастырылғанын мәлімдеген. Бұған «ЯндексТакси» қолданушылардың деректерін Ресейдің арнайы қызметтеріне беретіні туралы ақпарат себеп болды.

Алайда, қазақстандық «ЯндексТакси» бұл ақпаратты жоққа шығарды. Аталған жайтқа байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі компанияның бас кеңсесіне сұрау жіберді, бірақ компания сұраққа жауап бермеді.

Кейін Yandex компаниясы yandex.kz серверін және ел тұрғындарының дербес деректерін өңдеуді Қазақстандық серверлерге көшіретінін мәлімдеген.

Яндекс – бірнеше елдегі интернетте іздеу жүйесі, интернет-порталы және веб-қызметтері бар ресейлік IT-компания.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар