Қазақстанда орыс тілін қолдану мен оны үйренуге деген қызығушылық азайып келеді. Дәл осындай пікірді Ресейдің Қазақстандағы консулы Евгений Бобров ТАСС-қа берген сұхбатында айтты .
«Орыс тілін үйрену мен қолдану аясы азайып бара жатқаны байқалады. Оның әрине объективті себебі де бар, ол орыс халқының 15,2%-ға дейін азайып кеткендігі. Тағы бір себебі ол Білім министрлігінің қазақ тіліне басымдық бере отырып мемлекеттік оқыту бағдарламасын өзгерткендігі», - дейді ол.
Консулдың сөзінше соңғы жылдары орыс тіліндегі мектептер мен сыныптар саны азаюда, қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушыларына арналған бағдарламадан «Орыс тілі» пәнін алып тастау да өз әсерін беруде дейді ол. Бобров Қазақстанда орыс тілі және әдебиетінен беретін мұғалімдердің де саны жетіспейтінін айта кетті.
«Педагогикалық институттардың орыс тілі мамандарын дайындау бойынша факультеттерінің азаюы кадрлық әлеуеттің төмендеуіне әкелді. Бұл бағытта білім беретін ұстаздардың (орыс тілін үйрететін) жетіспеушілігі 20 мыңға дейін жетеді. Бұл орыс тілін сапалы деңгейде беру мәселесін туындатуда», - дейді консул.
Оның ойынша Қазақстан мен Ресей өзара тиімді тілдік саясатты келісе отырып іске асырса, мемлекеттер мен ұлттар арасындағы әріптестік пен достық нығая түспек.
Mezgil.kz