Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қазақстан Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевқа жауап берді. «Бір-бірімізді қолдайық. Қазақ пен қырғыздың ортасына от жаққысы келетіндер көп», - дейді.
13 тамызда қырғыз басшысы Садыр Жапаров көкпардан әлем кубогіне барып арнау айтқан, «қазақ ақыны» Біржан Қалдыбаевқа ат мінгізген. Анығында, Біржан Қалдыбаев президент Жапаровқа жалынғандай болып, «жаяу келдім, сондықтан баяу келдім», - деп ат сұраған. Ел алдында қырғыз президенті де жомарттық жасап, ат мінгізетінін айтқан. Ал Қалдыбаев Бішкекте Жапаров беремін деген атты күтіп жатып, ақыры алып қайтқан.
Арада бірнеше күн өткен соң, қазақтың айтулы айтыс ақыны, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев бастаған қазақ ақындары Біржан Қалдыбаевтың бұл әрекетін қатаң сынаған. Әлтаев мырзаның сын сөзіне Қырғызстан президентінің өзі жауап беріпті. Қырғыз БАҚ-тары жапырлай жазып жатыр.
Садыр Жапаров Аманжол Әлтаевқа:
- Мен әлеуметтік желілерден Аманжол Әлтаев бауырымыздың сөздерін оқыдым. Бұл әрине, ыңғайсыз үндеу болды.
Біріншіден, «елші мен жыршыға өлім жоқ», дейді. Елшілер елшілігін қылады. Жыршылар, соның ішінде төкпе ақындар қай жерде болса да, өзінің ыңғайына қарай жырлай береді. Сынап жырлайды, мақтап жырлайды. Бірдеңе сұрап жырлайды. Одан кемшілік пен саясат іздеудің керегі жоқ.
Екіншіден Біржан Қалдыбаев дейтін төкпе ақын қырғызға жиен болады екен. Ал мен қазаққа жиенмін. Екеуіміз қайшылас жиен екенбіз. Менің бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Науша апамыз қазақ қызы болған.
Үшіншіден, қазақ пен қырғыз сөз баққан елміз. Егер мен сол жерде арғымақ мінгізбей қойсам, мені сөзге жығып жырлайтын еді. «Байкем мені жаяу қайтарды, байкемнің бір арғымақтық әлі жоқ па», - деуші еді. Егер мен ол жиынға қатыспасам, сөз басқа болар еді.
Сондықтан, Аманжол мырзаға айтарым, ешқандай ыңғайсыз жағдайда қалған жоқсыздар. Ешқандай саясаты да жоқ. Болғаны – төкпе ақын жиенімнің сөзіне қалмайын деп, арғымақ мінгіздім. Ал енді Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін мен де білмеймін. Бұрыннан таныс емеспін. Оны көшедегі жүрген бір ақын депті. Қазір көшедегі бір ақын болса, кейін қазақ пен қырғызға танымал ақын болатын шығар. «Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі, қарындағы баланың хан боларын кім біледі», дейді. Жас бала екен. Қолдау жасасаңдар, кейін танымал, мықты ақын болатын шығар.
Біз қазақ пен қырғызды өзімізден басқа ешкім қолдамайды. Бір-бірімізді қолдайық. Қазіргі әлемдегі ахуал қиын болып тұр. Қазақ пен қырғыздың ортасына шоқ тастап жіберсек деп тұрған үшінші күштер бар. Біз оған жол бермеуіміз керек. Ортадағы ынтымақты сақтайық. Онсыз да аз халықтармыз, - депті Қырғызстан президенті.
Mezgil.kz