CNN арнасы бірнеше әскери сарапшылардан сұхбат алды. Олардың барлығы дерлік Запорож бағытында Ресейдің қорғаныс линиясы кей тұста құлағанын, ал кей тұста құлау алдында тұрғанын айтқан.
Соңғы күндері Украина әскері Работино елді-мекенін азат етіп, енді Новопрокоповка мен Очеретоватое ауылдарын шабуылдап жатқаны айтылуда. Американың Соғысты зерттеу институты украин сарбаздары қазіргі уақытта Ресей қорғаныс шебінің екінші линиясына жеткенін жазуда.
Работиноны азат ету Украина үшін маңызды болатын. Бұл елді-мекен Тоқмаққа бастайтын тоғыз жолдың торабында жатыр. Ал Тоқмақты азат етсе, онда Украина әскері қарсы шабуылдың басты нысаны болып табылатын Мелитопольге немесе Бердянскке жылжуға мүмкіндік алады. Онда Азов теңізіне шығып, Ресей бақылауындағы Қырымға апаратын құрлық жолын жауып тастайды.
Әскери сарапшылар Запорож бағытында Ресей әскері өте көп мина қолданғанын айтуда. Тіпті бір шаршы метр аумаққа ондаған мина қойып тастаған сәттер де кездеседі. «Рсей әскері Украина сарбаздары бірінші линиядан өте алмайды деп ойласа керек, барлық күшін қорғаныс шебінің бірінші линиясына бағыттаған» дейді әскери сарапшы Джеймс Колиферд.
Соғысқа дейін Тоқмақта 35 мың халық тұрған. Бұл қала үшін ұрыс қимылдары Бахмут үшін шайқас іспеттес болуы мүмкін. Сарапшылар қаланы алу ұзаққа созылады деп болжауда.
Mezgil.kz