Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «креслоның» қамымен әлек болып жүр. Қай мағынасынан айтсаңыз да солай. ҚР Энергетика министрлігі 1,1 миллион теңгеге басшыларына арнап жоғары «LUX» сапалы креслолар сатып алған. ҚазТАГ солай деп жазды.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерде:
Тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мемлекеттік мекемесі;
Атауы – кресло;
Қосымша сипаттамасы – басшыларға арналған кресло;
Бір данасының бағасы – 72 589,29 теңге ;
Саны – 15;
Жоспарлы сома – 1 088 839,35 теңге;
Лоттың мәртебесі – сатып алынды, делінген.
Конкурсқа өтінім қабылдау 21-28 шілде аралығында өткен.
Креслоның сипаттамасында: «Басшыға арналған кеңсе креслосы – жоғары «LUX» сапалы эко-былғарыдан жасалған классикалық басшы креслосы. Ыңғайлы кең орындықтың эргономикалық формасы мен арқасы бұл моделдің ерекше ыңғайлы екенін білдіреді. Ал лаконикалық дизайны мен ағаш бөлшектері орындықтың беріктігін көрсетеді», - дейді.
Энергетика министрлігі миллион теңгеден ары қаржыға кресло алса, министр Алмасадам Сәтқалиев бұрын басқарған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2022 жылдың қорытындысы бойынша қордан жарты миллиард теңгеге жуық сыйақы алған.
Сәтқалиев 2023 жылдың сәуір айынан бастап қана Қазақстанның энергетика министрі қызметін атқара бастаған.
«Самұрық-Қазына» топ-менеджменті былтыр 406,5 млн теңге көлемінде сыйақы алды, KASE сайтында орналастырылған құжатта осылай жазылады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша сыйақының жалпы мөлшері 275,2 млн. теңгені құрады. Компанияның жоғары шенділері былтыр 2021 жылға қарағанда 1 жарым есеге көп сыйақы алған», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, сыйақыны басқарма төрағасы мен мүшелері жақсы қызмет атқарғанына қарай алады.
Компания сыйақы төлеу - бір жылда түскен табыс көлемінің өсуімен есептелетінін айтады.
2022 жылы Қор таза пайданы 18% - ға, 1,9 трлн теңгеге дейін арттыра алды.
«Бұл компанияның рекордтық табысы болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қордың кірісі 14,78 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 26% - ға артық. Қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Назира Нұрбаеваның айтуынша, кірістердің өсуі тазартылған алтынды өткізу көлемінің экспортқа газ өңдеу өнімдерін сатудың ұлғаюына байланысты», - делінген хабарламада.
«Самұрық-Қазына» Топ-менеджменті алты адамнан тұрады. Осы жылдың сәуіріне дейін қорды Алмасадам Сәтқалиев басқарды. Командада даму және жекешелендіру жөніндегі Басқарушы директор Ернар Жанаділ, Экономика және қаржы жөніндегі Басқарушы директор Назира Нұрбаева, Стратегия және активтерді басқару жөніндегі Басқарушы директор Ернат Бердіғұлов, құқықтық сүйемелдеу жөніндегі Басқарушы директор Николай Казутин кіреді. 2023 жылдың сәуір айынан бастап қорды Нұрлан Жақыпов басқарды, Елжас Отыншиев Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директор болды.
Mezgil.kz