Ресей МемДумасының депутаты, даулы пікірімен танымал болған Евгений Федоров Әзербайжанның haqqin.az сайтына сұхбат беріп, Арменияның тағдырына қатысты ойын айтты. Ол Ереванды антиресейлік бағытты ұстануда деп айыптап отыр.
Федоровтың ойынша Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Ялта және Потсдам келісімдері мен Хельсинки актісі бойынша Арменияның аумағы даулы аумақ саналады. Халықаралық құқық тұрғысынан да Армения территориясы даулы екені сөзсіз дейді ол. Ол КСРО-дан Армения шығудың заңдылықтарын іске асырмағандықтан оның аумағына қатысты Ресей Федерациясы заңнамасында да даулы пікір болуы ғажап емес деп отыр.
Евгений Федоров «Армения КСРО құрамынан шығудың кеңес заңнамасына сай әрекетін жасамағандықтан, ал КСРО-ның тікелей мұрагері Ресей болып саналғандықтан, қазіргі Ресей Армениямен қатынас орнату сәтінде осы заңды бұзғанын ескеруі қажет» дейді.
«Мен Армения сияқты одақтасымызды мүлде түсіне алмаймын. Бұл өзі қандай одақтас? Ресейге Армениядан не керек? Ештеңе керек емес! Ештеңе! Ендеше бұл екі елдің арасындағы одақтастық неге сүйеніп, негізделіп отыр? Ресейдің СІМ-і Армениямен қатаң позицияда әрекет етуі қажет қой», - дейді ол.
Евгений Федоровтың сөзінше, Армения премьер-министрі Никол Пашинян билікке «майдан» арқылы жетіп, заңсыз тақта отыр-мыс. Армян халқы оның ойымен, пікірімен келісіп, үлкен қателік жасап отыр дейді.
«Армян халқы өзін құрдымға апаратын жолда қазір. Арменияға ешқандай НАТО да, француздар да көмектеспейді. Бірақ олар армян халқын құрдымға итермелеп, көмектесетіндей кейіп танытады. Бұл жол, Пашинянның қазіргі таңдаған бағыты түптің түбінде армян халқы мен Армения елін жойып жіберуі мүмкін», - дейді ресейлік депутат.
Федоров бірнеше мәрте Қазақстанға да қарсы сөз айтып, «Қазақстан КСРО-дан заңсыз бөлініп шықты» деген болатын.
Mezgil.kz