Қыркүйектің 1-6 аралығында Беларусь жерінде ҰҚШҰ бітімгерлерінің «Жауынгерлік бауырластық - 2023» деген бірлескен жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы өтпек.
Бүгін Қырғызстан мен Тәжікстанның әскери контингенті Брест облысындағы 61-ші жауынгерлік авиациялық базасына жетті. Бұл туралы Беларусь Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресейлік басылымдарның ақпаратынша, «бірлескен және арнайы оқу-жаттығуларда Шығыс Еуропа аймағындағы дағдарыстық жағдайды реттеу үшін Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдану пысықталады. Барлау бөлімдері «Іздеу-2023» оқу-жаттығуы шеңберінде іске қосылады, «Эшелон-2023» оқу-жаттығуы барысында материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарының іс-қимылдары пысықталады. «Тосқауыл-2023» арнайы оқу-жаттығуында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мен медициналық қамтамасыз етуді бірлесіп қалыптастыру құрылады», - деп жазып жатыр.
«ҰҚШҰ жаттығуларына Қытай, Иран, Сауд Арабиясы және Моңғолиядан бақылаушылар шақырылды», - деді ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы Анатолий Сидоров.
Айт кетейік, бүгінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарып отыр. Таяуда ол Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фоминмен кездескен болатын. Олардың кездесуде не туралы айтқаны туралы толық мәлімет жарияланбады. Тек «Диалог барысында тараптар әскери ынтымақтастықтың және ҰҚШҰ шеңберіндегі нормативтік құқықтық базаны жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылады» деген қысқа ақпарат берілді.
Қазақ қоғамы Ресей Украинаға басқыншылық соғысын бастағалы Кремль «ҰҚШҰ-ны Қаңтар үшін қарызын өтеуге міндеттей ме?» деген қорқынышты сұрақтан арыла қойған жоқ. Президент Тоқаев «қазақтың орыстың алдында еш міндеті» жоғын айтып, ҰҚШҰ-ның баста қалыптасқан ереже бойынша ғана әрекет жасай алатынын айтып, көңілдегі күдікті сейлткендей болды.
Бірақ Иманғали Тасмағамбетовтың бұған дейін Батыс елдерінің Украинадағы жағдайдың одан әрі өршуіне жол ашып отырғанын айтқаны желіде гу-гу талқыға салынған.
«Украинадағы және оның айналасындағы қақтығыстарға аймақтан тыс күштер белсенді араласып жатыр. Барған сайын жетілдірілген және күшті қару жүйелері жеткізілуде. Балтық елдерінде, Польшада және Қара теңіз аймағында НАТО-ның әскери әлеуетінің бұрын-соңды болмаған артуы байқалады», - деді Тасмағамбетов ҰҚШҰ жиынындағы сөзінде.
Mezgil.kz