Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің Facebook парақшасына пост жазып, Ыстық көл облысында жұмысы тоқтап қалған 15 пансионаттың барын айтып, оларды мемлекеттің 49 жылға жалға беру жоспары барын жариялады.
Мемлекет басшысы бай-қуатты қырғызстандықтарды және шетелдік инвесторларды осы бір жобаға қаржы салуға шақырды.
«Келіңіздер, алыңыздар. Үш, төрт, бес жұлдызды қонақ үйлерді салып, жұмыс істеңіздер. Әрине мен сіздер салған қаржы аз уақытта қайтады дегім келмейді, бірақ 49 жылда сөзсіз 3-4 есе етіп қайтарып аласыздар», – дейді Жапаров.
Президент бұл пансионаттарды мемлекет есебінен жөндеуге қаржының бар екенін айтты. Алайда ұзақ мерзімде ақталатын жобаға дәл қазір мемлекет қаржысын салу тиімсіз деп отыр.
«Егер бұл біреуге қызық болса, онда мемлекеттік мүлік агенттігіне сұрақтарыңызды қойсаңыздар болады. Басты талап бірден келісім берген соң, инвестиция құюды бастап кету керек. Қонақ үйлер мен коттедждер үш жұлдызды деңгейден түспеуі шарт. Егер сізде қаржы болатын болса, онда тамаша пансионатты екі жылда-ақ салып тастайсыз. 49 жылға жалға алдым деп, түк істемей жатуға тыйым салынады. Субарендаға беруге де рұқсат жоқ», – дейді Қырғызстан президенті.
Бұл ұсынысы желіде қызу талқыланып жатыр. Бір тарап қолдаса, енді бірі 49 жыл өте ұзақ мерзім дегенді айтуда. Кей желі қолданушылары «қытайлар келіп, инвестиция салып, жарты ғасыр жатып алады» дегенді де айтуда.
Mezgil.kz