Қазақстанда АЭС салына ма? Референдум өтеді...

Қазақстанда АЭС салу мәселесі рефрендум арқылы шешілетін болды. Бұл туралы бүгін президент Тоқаев халыққа Жолдауында айтты.

1693555278986292.jpg

«Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.  Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді президент.

Бұған дейін 22 тамызда Қазақстанда АЭС салу бойынша қоғамдық тыңдалым өткен болатын. Бірақ жиында АЭС салынады деген Үлкен ауылының тұрғындары мен қоғам белсенділерінің пікірі екіге жарылып, түпкілікті шешім қабылданбады.

Қазақстанда АЭС құрылысын бастау әлі күнге дейін қоғамда дау туғызып келе жатыр. Президент Тоқаев 2022 жылы шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында АЭС салудың тиімділігін айтып, Қазақстанда құрылысты бастайтын жердің анықталғанын жариялаған еді. Сондай-ақ мемлекет басшысы халықтың пікірін тыңдамай тұрып, АЭС-тің салынбайтынын мәлімдеді.

Былтыр 13 маусым күні бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясы Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынатынын айтты.

«Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. Ол тізімде 2032 жылға дейін АЭС салу жоспары бар.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар