Ресей билігі көршілес елдердің халқын Украина соғысына үгіттеп, мобилизацияның жаңа толқынынан қашуда. 2022 жылдағы жартылай мобилизация айтарлықтай нәтиже бермеді. Енді тағы да фронтқа адам алу міндеті тұр.
Сарапшылар маусым айының соңында Қазақстан мен Армения азаматтарын соғысқа шақырып, қаржы ұсынған онлайн жарнамалар интернет беттерінде пайда болғанын айтады. Ерікті түрде соғысқа баратындарға бір реттік 495 мың рубль мен ай сайынғы 190 мың рубль төлеу уәде етілген. Соғысты зерттеу институты Қазақстанның Қостанай аймағында дәл осындай жарнамалардың көп тарағанын жазды. Естеріңізде болса, Қазақстан билігі бұл жарнамаларға қатысты түсініктеме беріп, оларды таратқан азаматтарды жауапкершілікке тартатынын айтқан болатын.
2023 жылдың мамыр айынан бастап Ресей билігі Орталық Азия мигранттарын да соғысқа үгіттеуді бастады. Мигранттарға ай сайын 400 мың рубль мен жылдам Ресей азаматтығын алуды уәде еткен. Алайда Ұлыбритания барлау қызметі Ресейдің уәдесі жалған екенін айтады. Мысал ретінде Мариупольге барып, паспорттарынан айырылып, мәжбүрлі түрде Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімге келуге келіскен Өзбекстан құрылысшыларының оқиғасын жариялады.
Қазіргі таңда Ресейде 6 млннан астам Орталық Азиядан келген мигранттар бар. Кремль мигранттарды соғысқа көптеп тартса, мобилизацияның жаңа толқынын ұйымдастыру қажет емес деп санайды. Мәскеу мобилизация Ресей билігіне деген сенімді азайтқанын, ал алда президенттік сайлау науқаны екенін де ескеріп, осы қадамға баруда.
Ресей билігі азаматтық алған мигранттар Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға міндетті екенін айтқан болатын. Қазіргі таңда Ресейдің ірі қалаларында мигранттарға қарсы рейдтер ұйымдастырылуда. Олардың азаматтығы анықталған соң, оларды военкоматқа жіберу іске асуда. Кейбіріне айыппұл салынып жатыр.
Мигранттардың Ресей әскері үшін жанын салып соғысуы екіталай. 2022 жылдың қазанында Тәжікстанның екі азаматы Белгород облысындағы әскери полигонда автоматтан оқ жаудырып, 11 адам қаза тауып, 15 адам жараланған еді. Атыс бастаған екі азамат та оқиға орнында көз жұмды. Кейін олардың Ресей әскеріне мәжбүрлі түрде алынғаны анықталды.
Mezgil.kz