Санкт-Петербург қаласының Калинин аудандық соты бұрынғы иеромонах Иоанн Курмояровты үш жылға бас бостандығынан айырды. Оған «Ресей әскеріне қатысты жалған ақпарат таратты» деген айып тағылған.
Тергеу комитеті Курмояров әлеуметтік желіге, соның ішінде YouTube-қа Ресей әскеріне қатысты және Украина соғысы жайлы тексерілмеген ақпарат салыпты-мыс. Соның ішінде діни алауыздық тудыру фактілері де бар деп айыпталды. Жалпы Курмояровқа 63 түрлі эпизод бойынша айып тағылған еді.
Ол сотта өз кінәсін мойындап, кешірім сұраған. 55 жастағы шіркеу қызметкері сотта роликтерді түсіруінің себебін айтты. Ол өзін бейбітшілікті жақтайтын адам ретінде таныстырып, екі бауырлас ұлт арасындағы соғысты жақтамайтынын жеткізген.
Ресей билігі Курмояровты 2022 жылдың 7-маусымында Петербург қаласында қамауға алған еді. Оның үйін тінту сәтінде гаджеттер, екі икона, крест тәркіленген. Оны тұтқындауға себеп болған роликте Курмояров Украинада қаза тапқан Ресей әскері жұмаққа емес, тозаққа түсетінін айтқан. Ол роликте: «Жұмақта шынайы бітімгерлік күштері, адамзатқа жақсылық жасағандар түседі. Ал соғыс бастағандар, агрессияны жақтағандар және оған болысқандар жұмаққа кірушілер қатарынан емес», - деген. Бұл роликті ол 2022 жылдың наурызында жариялаған. Ал Ресей патриархы Кирилл оны осы ролигі үшін қызметінен сәуір айында босатты.
Курмояров шіркеу тарапынан 2020 жылы да қысым көрген. Ол Қорғаныс министрінің бас шіркеуінде КСРО символдарының әлі тұрғанына шүйлігіп, «дінсіздер ордасы» деген болатын. Артынша ол Сергей Шойгуды дінге сенушілердің сенімін таптады деп сотқа берді.
Курмояров бұрын Украинада тұрып, шіркеуде қызмет еткен. Кейін ол майданды айыптап, Донбасстағы соғысты «азамат соғысы» деп атаған. Ал Украина билігі оған георгий лентасын таққаны үшін іс ашқанда, Ресейге кеткен. Ресейде ол билікке қарсы шығып, екі ұлтты соғыстыру және жауластыру әрекеттерін тоқтатуды талап етті.
Mezgil.kz