АҚШ пен Батыс Мәскеушіл ТМД-ның Беларустан бөлек қос елі әрі оның барлық бастамасының қосшысы болып жүрген Қазақстан мен Арменияны мықтап қолға ала бастаған сияқты.
Кейінгі уақытта Мәскеу мен Ереванның арасы суи бастағанын байқауға болады.
11-20 қыркүйек аралығында Армения өз аумағында АҚШ-пен бірлескен әскери жаттығулар өткізбек. Бұл турасында Армения Қорғаныс министрлігі: «11-20 қыркүйек аралығында халықаралық бітімгершілік миссияларға қатысуға дайындық аясында Арменияда бітімгершілік бригадасының «Зар» оқу орталығында және Қорғаныс министрлігінің «N» оқу орталығында «Eagle PARTNER 2023-пен» бірлескен армян-америкалық жаттығулары өтеді», - деп хабарлады.
Бұның алдын алмақ болған Мәскеу өз боданы Лукашенко тізгінін ұстаған Беларусьте ҰҚШҰ (ОДКБ) жаттығуын бастаған, бірінші қыркүйекте. Бүгін «Ықпалдасу-2023», «Іздеу-2023», «Эшелон-2023» және «Барьер-2023» дейтін жаттығулардың белсенді кезеңі аяқталды. Осының барлығы «Жауынгерлік бауырластық-2023» деген дәудей атпен өткізілді.
Осы ақпараттың әуелгі анонсында: «Бірлескен және арнайы оқу-жаттығуларда Шығыс Еуропа аймағындағы дағдарыстық жағдайды реттеу үшін Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдану пысықталады», - делінген еді.
Жаттығуға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскерилері барып қатысқан. Жаттығуға жұмылдырылған жалпы әскерилердің ұзын-саны 2500 адам және 500 техника болған. Ал ҰҚШҰ-ның ендігі бірлескен жаттығуы Қырғызстанда өтеді деп жарияланды.
Ең маңыздысы: Кешегі өткен Минскідегі ҰҚШҰ жаттығуына Ресей мен Беларусьтен бөлек Қазақстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның әскері қатысты. Армения тағы да төбе көрсеткен жоқ. Осылайша Ресей Кавказдағы салаңқұлақ есегінен айырылғандығын анық аңғаруға болады.
Mezgil.kz