Ресейлік әртіс: Қазақстанға бармаймын. Қазақтар русофоб!

Ресейлік әнші Никита Джигурда Қазақстанда «русофобия мен ұлтшылдық» өршіп кетті дейді. Сондықтан қыркүйек айына жоспарланған сапарынан бас тартқанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады.

1694081780744979.jpg

Путиншіл әртіс орыс тілді сыныптардың азайып жатқанын айтып, қоғам наразылығына қалған Ресей елшісі Евгений Бобровтың Қазақстаннан кеткенін «Қазақстанның Ресейге жасаған қиянаты» деп санайды екен.  

«Мен 10 қыркүйекте Қазақстанда өтетін жақсы бір іс-шараға қатысуым керек еді. Бірақ Қазақстан ресейлік дипломатты өкілеттігінен айырып, Ресейге қиянат жасады, өйткені дипломат Қазақстанда руссофобия күшейіп келе жатқандығы туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Ұлтшылдар арандатушылық ұйымдастырады… Қысқасы, мен Қазақстанға бара алмаймын. ФСБ-дағы таныстарым маған арандатушылық болатынын біліп, онда бармауға кеңес берді. Қазақстанның Ресей Федерациясымен достығын құптайтындарды қолдауға дайынмын. Менің ұстанымым белгілі, мен Ресей Федерациясы мен Путинді қолдаймын. Өкінішке қарай, Қазақстан англо-саксондарға берілуде. Бұл көп адам үшін өкінішті және қайғылы жағдай», - деді Джигурда.

Бұдан бұрын да Қазақстанға қарсы даулы мәлімдеме жасаған ресейлік әртістер аз болған жоқ. Украинадағы соғысты қолдаушы Григорий Лепс те, Ирина Дубцова да қазақ жеріне келем деп, қоғам өре түрегелген соң келе алмай қалған.

Лепс украин танкісін жойған адамға 1 млн рубль төлеймін десе, Дубцова Ресейдің Украинаға салған қан-қасабын қолдап, ән шырқап жүрген әртіс.

Айта кетсек, Лепстің директоры «Қазақстан нағыз русофоб ел, біздің сендерге күніміз қарап қалған жоқ, енді дұшпан елге аттап баспаспыз» деген еді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев осындай арандатушы «өнер иелерін» қылмыстық жауапкершілікке тарту керегін айтқан болатын.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар